Русский Сайттың толық нұсқасы

Оралдық шенеуніктің кесірінен студент қыз мүгедек боп қалуы мүмкін

Оралдық студент мүгедек боп қалуы мүмкін. Анасының айтуынша,18 жастағы Ақботаны шенеунік көлігімен қағып кеткен. Қазір жағдайы ауыр. Ал араққа тойып алып, екі адамды жазым қыла жаздаған лауазым иесі тіпті кешірім де сұрамапты.

Облыс әкімдігіндегі ішкі аудит қызметінің басшысы Ербол Найзабеков 1-қазан күні түнде мас күйінде рөлге отырып, үш көлікке соқтығысқан. Қираған көліктегі жолаушылардың бірі - 18 жастағы студент Ақбота Кеңес зардап шеккен. Дәрігерлер оның мойын омыртқасы зақымданғанын айтады. Қазір Ақботаға денесін қозғаудың өзі қиын. Қамкөңіл анасы қызым мүгедек болып қала ма деп алаңдайды. Оралдағы жоғары оқу орнының студенті қазір Индерде үйінен емделіп, қашықтан сабақ оқуға мәжбүр. Гүлжан Жарқынбаева іс әділ тергеліп, кінәлі лайықты жазасын алуын талап етеді. 

ГҮЛЖАН ЖАРҚЫНБАЕВА, ИНДЕР ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Бір қол, бір аяғы жасамайды, сол күйде. Басы ауырады. Обезболивающий дәріменен күндіз-түні отыр. Қызымнан кешірім сұраған жоқ. Уатсап желісінде жазады дейді: Сәлем, Бота, қалайсың? Жағдайың жақсы ма әлде хужесің бе дейді. Өзінің құртақандай қызындай қызына адам деген адамгершілікпен қарауы керек қой.

 Үш көлікті қиратып, бір жолаушының тағдырына балта шапқан шенеуніктің мас күйінде көлік жүргізгені дәлелденді. Бірақ әлі жұмысында, ал көлігі айыптұрақта. Полиция іс қозғау үшін зардап шеккен адамның денсаулығына қатысты сот медициналық сараптаманы күтіп отыр. 

ЕРНАР СҰЛТАНҒАЛИЕВ, БҚО ПД ЖЕРГІЛІКТІ ПОЛИЦИЯ ҚЫЗМЕТІ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ:

Жеңіл дене жарақатын алғанда әкімшілік іс қозғалып, сотқа жолданады. Ал орта және ауыр дене жарақаты келтірілген жағдайда Қылмыстық кодексінің 345-бабы бойынша жауапкершілікке тартылады. Екі жылға дейін бас бостандығынан айыру туралы жаза қарастырылған.