Астанада 300 бала Мемлекет басшысының сый-сияпатына ие болды. Жыл сайын ұйымдастырылатын Президент шыршасына ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, көпбалалы және аз қамтылған отбасының балалары мен оқуда, спортта және басқа да салаларда айтарлықтай жетістіктерге жеткен оқушылар қатысты.
Жаңа жылдық кеш ұйымдастырылған аумаққа кіргенде ертегі әлеміне енгендей болдық. Ал балалардың күлкісі үлкен залды одан әрі мерекелік күйге енгізді. Шараға қатысқан қала әкімінің орынбасары Байкен Есет оқушыларды құттықтады.
БАЙКЕН ЕСЕТ, ҚАЛА ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Ең бастысы біздің барлығымыздың тілейтініміз, сіздердің балалық армандарыңыз орындалып, бақытты өмір сүрулеріңіз. Ол үшін мемлекет тарапынан барлық мүмкіндіктер, үлкендер тарапынан барлық мүмкіндіктер жасалатын болады. Жаңа жылда әрқайсысыңыздың жүректеріңізге жылулық, көңілдеріңізге қуаныш пен сенім білеймін.
Биылғы мерекелік кеш ерекше бағытта ұйымдастырылған. Ол адами құндылықтарды дәріптеп, ізеттілікті насихаттайды.
ҚАСЫМХАН СЕНҒАЗИЕВ, ҚАЛАЛЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
Бұл жерде біртұтас тәрбие бағдарламасының аясында құрылған іс-шара. Бұл жерде балаларға көбінесе адами құндылықтарды, ол адамның бойында табылатын адамгершілік, бір-біріне құрмет, ізеттілік деген сияқты айналасында құрылған бір ертегі шыршаға балалар кіретін болады.
Мерекелік кеште қазақ және әлем ертегісіндегі кейіпкерлер бой көрсетті. Тренд би билеген Алдар көсе мен бір көзді диюдің өнері көпшілікті таң қалдырды. Барлық бала бір толқында билеп, бірге ән шырқады.
БЛИЦ-САУАЛНАМА:
- Мен бұл шыршаға бірінші рет келіп тұрмын. Осы шыршаға алып келген мұғаліміме үлкен алғыс айтамын.
- Мереке өте жақсы өтті. Маған ұнап жатыр. Аниматорлар бізбен өте жақсы ойнап жатыр бізбен. Маған өте ұнады.
- Жаңа жылдың өз әсері бар. Әр жаңа жыл жаңа қағаз сияқты. Өмірді жаңадан жазамыз.
- Көңіл күйім өте жақсы. Себебі біз бүгін күшті концертке келдік. Мен өте қуаныштымын.
- Бүгінгі Президенттік шырша өте керемет дәрежеде өтуде. Мұндағы балаларға әртүрлі қызықты әндер, билер қойылып жатыр. Өте қызықты, бізге ұнап жатыр.
Шарада қазақстандық эстрада жұлдыздары өнер көрсетті. Балалардың көңіл күйін көтеруге атсалысқан аниматорлар балалармен қимай қоштасты.