Русский Сайттың толық нұсқасы

Үш күннен кейін Қасиетті Рамазан айы басталады

  • AstanaTV
  • 24 мамыр 2017
  • 2720

Үш күннен кейін Қасиетті Рамазан айы басталады. Мұсылман жамағат 27 мамыр күні ауыз бекітуге кіріседі. Биыл Ораза 29 күнге созылмақ. Күннің ұзақтығы шамамен 19 сағатқа жуықтайды. Бірақ Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы өкілдері шынайы мүміндер үшін ешбір қиындық ораза тұтуға кедергі болмайды деп сенеді.

Рамазан айы - жылына бір рет келетін, сауаптар еселеп жазылатын ғажап ай. Мүфтият жанындағы ғұламалар кеңесінің шешімімен және бидайдың бағасына сәйкес биыл пітір садақа көлемі 300 теңге болып белгіленді. Басқарма оның есебінен түскен қаржыға мүгедектер мен қарттарға, әлеуметтік тұрмысы төмен отбасыларына материалдық көмек көрсетеді.

Қасиетті қадір түні маусым айының 21-нен 22-не қараған түні атап өтіледі. Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы қайырымды жандардан осы айда мұқтаж адамдарға көбірек көңіл бөлуді сұрайды.

Ержан қажы Малғажыұлы, ҚМДБ төрағасы, бас мүфти:

Мынау Рамазан айында әсіресе қалталы азаматтарға үлкен өтінішіміз бар. Мына көптеген елді мекендер көктемде суға кетті. Үйсіз, көмекке зәру азаматтар әлі де бар. Мына қасиетті айда қол ұшын созса, үлкен сауап болар еді. Бұл қасиетті айдағы көмектің сауабы, жай кезге қарағанда, бірнеше есе үлкен.

Ал Астана мешіттері Рамазан айында 1 200 адамға дейін қабылдап, ауызашар бере алады. Бүгін бейнекөпір арқылы аймақтармен пікір алмасқан «Нұр Астана» мешітінің имамы Дәурен Мүсілімов басты сұрақтарға жауап берді. Қасиетті ораза айт мерекесі маусымның 26-сында басталып, үш күнге созылады. Имам пітір-садақа берудің маңызына да айрықша тоқталды.