Русский Сайттың толық нұсқасы

Керекуде «Стикс» мектебі жабылып, орнына балабақша ашылатын болды

  • AstanaTV
  • 25 мамыр 2017
  • 2753

Павлодардағы «Стикс» мектебі жабылатын болды. Оның ғимаратында тілінің мүкісі бар бүлдіршіндерге арналған балабақша ашылмақ. Қалалық білім бөлімі өкілдерінің айтуынша, әкімдіктің қаулысына сәйкес ол мекеме 280-300 балғынға шақталған. Бүгінде іс-шаралар жобасы жасалып қойды. Білім ордасының жабылатыны жайлы барлық қызметкерлер, оқушылар мен ата-аналарға ескертілді,- дейді шенеуніктер. 35 маманға қаладағы басқа мектептерден жаңа жұмыс орны ұсынылған. Ал 170 оқушы өзге білім ордасына жолдама ала алады.

Гүлжан Қадырбаева, Павлодар қалалық білім бөлімінің басшысы:

Қаланың коммуналдық меншігіндегі ғимарат бұдан былай мақсатты пайдаланылатын болады. Біз мұнда балабақша ашуды жоспарлап отырмыз. Ол - қарапайым бақша емес.  Мұнда  мүмкіндігі шектеулі балғындар, нақтырақ айтсақ, тілінің мүкісі бар бүлдіршіндер тәрбиеленбек.

"Мектеп жабылады" дегенді естіген ата-аналар қауымы наразылық білдіріп, дау шығарғанын бұған дейінгі жаңалықтарымызда хабарлаған едік. Олар мұндағы білім сапасының жоғары екенін алға тартып, оқу ордасын сақтап қалуды сұраған.

"Стикс" мектебі 1993 жылдан бері жұмыс істейді. Онда екі жүзге жуық оқушы білім алды. Өзге білім ордаларынан ерекшелігі - мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған бағдарлама жұмыс істеген.