Русский Сайттың толық нұсқасы

Керекуде батуттағы төтенше оқиғадан мертігіп, ауруханаға түскен әйелді ота күтіп тұр

  • AstanaTV
  • 26 мамыр 2017
  • 3189

Баласын ойнатамын деп жазым бола жаздады. Керекудегі батуттардың бірінде төтенше жағдай орын алып, бір әйел ауруханаға түсті. Енді оған операция жасалады. Жергілікті билік өкілдері қалада үрмелі ойыншықтар қоюға рұқсат алған 5 алаңқайдың барын растады. Бірақ олардың қауіпсіздік жағдайын тексеріп жатқан ешкім жоқ.

Әсемгүл Мұхитқызы, тілші:

Анастасия Мәмедованың қызымен кезекті серуені қайғылы аяқталды. Батутта алаңсыз ойнап жүрген олар ауа райының күрт құбылуына тап болған. Дауыл тұрғанда әйел бірден баласын құтқаруға жүгіргенін айтады.

Батут қожайыны еш ескертусіз аттракционды жинауға кіріскенде, ана мен екі жасар бүлдіршін желдің екпінімен ары-бері теңселген батуттың ортасында қалып қойған.

Анастасия Мамедова, Павлодар қаласының тұрғыны:

Ол бізді көре тұра батуттың бір шетін босатып жіберді. Сол кезде ары-бері тербей жөнелді. Мен қорыққанымнан айқай салдым. Қызым аман қалсын деген оймен оны құшақтап алдым. Егер өз денеммен қорғамағанда, білмеймін, не боларын.

Анасының батыл әрекеті 2 жасар сәбидің өмірін сақтап қалды. Аздап шошығаны болмаса, бүлдіршінің хәлі жақсы. Ал ауруханаға түскен әйелді дәрігерлер  жансақтау бөліміне жатқызып, ем-дом жасаған. Миы шайқалып, шынтағы сынған оның аяқ-қолы мен денесінде көгерген жерлер бар.

Ермек Аяғанов, травматолог-дәрігер:

Қазір науқастың жағдайы тұрақты орташа деңгейде. Алда оны операциялық емдеу күтіп тұр. Шынтақ буынына ота жасауды жоспарлап отырмыз.

Отадан кейін Анастасия 1 жарым айдай дәрігерлердің бақылауында болмақ. Ол батут қожайынының жауапқа тартылуын талап етіп отыр.

Салтанат Әкімбекова, Павлодар қаласы әкімдігінің баспасөз хатшысы:

Павлодар қаласында құрылыс салмай, пайдаланылатын 5 жер телімі бар. Олар үш жылға жалға берілген. Бұл аумақтарда әкімдік жер телімін заңды пайдалануға қатысты ғана тексеріс жүргізеді.

Шенеуніктер мұндай орындардың қауіпсіздік жағын тексеруге құқымыз жоқ,-дейді. Батут, велосипед және балалар көліктерін заңсыз жалға беру бекеттерін ашқан 15 жағдай әшкереленген. Ал, ойын алаңқайларын қоюға рұқсат алған 5 жер телімі саябақтар аумағында орналасқан. Бұл бизнесті табыс көзіне айналдырғандар батутта ойнағандардан 200-бен 600 теңге аралығында ақы алады.

Әсемгүл Мұхитқызы, тілші:

Оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Жбірленушілерге сот-медициналық сараптама тағайындалған. Төтенше жағдай кезінде батутта тағы 3 бүлдіршіннің болғаны анықталды. Балғындар жеңіл жарақатпен құтылыпты.