Көлігінен айрылған Орал қаласының тұрғыны Ықылас Тәжедденов "Астана" телеарнасының араласуымен әділдікке қол жеткізді. Жігіт ағасының темір тұлпарын жаңасына ауыстырамын деп жаяу қалғанын осыған дейін хабарлаған едік. Істі қайта қараған апелляциялық сот "Жаяу Мұсаның" мәшинесін қайтару туралы шешім шығарыпты. Айласын асырып, Тәжедденовтің темір тұлпарын тақымына басқандар енді көлікті кері қайтарып береді немесе техниканың құнын өтеуі тиіс. Сотта жеңіп шыққанына қуанған азамат енді өзін жәбірлегендерден моральдық шығын өндіріп аламын деп отыр.
ЫҚЫЛАС ТӘЖЕДДЕНОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Көлік алғанда, үй алғанда барлық құжаттарға сақ болуымыз керек екен. Айтатыным тек сақ болайық, алаяқтарға тап болмайық. Рахметімді айтамын Астана телеарнасына, судьяға. Әділетсіздікке тап болсақ, соңына дейін қуынған дұрыс екен. Әділдік бар екен Қазақстанда!
Сот кезінде Ықылас Тәжедденовтің Ресейден сатып алған көлігінің ұрланғаны, тіпті қожайынының әлдеқашан қайтыс болғаны белгілі болыпты. Бірақ осыған қарамастан, алыпсатарлар қолдан құжат жасап, күмәнді көлікті шекара асырған. Былыққа батқанын бұтартарынан айрылғанда ғана білген жігіт ағасы сотқа шағымданып, ақыры әділдікке қол жеткізді.