Русский Сайттың толық нұсқасы

ТМД елдері арасында Қазақстанда ғана тегін медициналық көмек көрсетеді

ТМД елдері арасында Қазақстанда ғана тегін медициналық көмек көрсетеді. Былтыр 3 жарым миллионға жуық тұрғын стационарлық ем қабылдады. Оның 1 миллионнан астамы арнайы квота шеңберінде медициналық көмек алған. Мемлекеттік қолдаудың арқасында мыңдаған науқас дертінен айығып, дегеніне жетіп жатыр. Медициналық туризм де ілгері жылжуда.

Ләзиза Рабаеваның немересі қан аурумен есепте тұрады. Бір жылдан бері дәрігерлердің қатаң бақылауында. Олар алғашында Қызылорда облыстық көпбейінді балалар ауруханасында 3 ай жатып ем қабылдаған. Одан кейін, арнайы квотамен Алматыдағы №2 қалалық балалар клиникалық ауруханасына жолдамамен барыпты. Құжат дайындауда ешқандай кедергі болмағанын айтады. Ол ауыр жағдайдағы немересін аяққа тұрғызған ақхалаттыларға дән риза.

ЛӘЗИЗА РАБАЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Алматы қаласына квотамен баруымызға кеңес берді. Сонымен 2 апталық, 14 күндік ем алдық. Содан баламыз жақсарып елге келдік. Порталға қою бізге ешқандай кедергі болған жоқ. 2-3 күнде дайындап берді. Тек анализдерімізді 1 аптаның көлемінде тапсырдықта. Тез болды.

Қостанай тұрғыны Рахат Сейітхан квотаның игілігін көргендердің бірі. Жас жігіт елордадағы медициналық орталықтың біріне барып, емделген. Облыс орталығында заманауи жабдықталған емдеу мекемелері бар. Көбі жекеменшік. Денсаулығың үшін ақшаны да аямайтының ақиқат. Алайда мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, квота көп бөлінеді. Астана мен Алматыға барып емделуге мүмкіндік береді. Ауруымен арпалысқан адамға үміт сыйлайды, дейді ол.

РАХАТ СЕЙІТХАН, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Квота тұрғындар үшін үміт сыйлайтын бірден – бір фактор. Себебі ем іздеп әр жаққа сабылмай, әрдайым осы бір нақты бір емдеу мекемесіне барасың, емделесің. Ем алып ауруыңнан айығып кететіндей мүмкіндік сыйлайды. Квота бөлінгенін біліп тұрсаң, иегері атансаң ол писхологиялық тұрғыдан үлкен көмек. Және осы психология арқылы адамның денсаулығына да тікелей әсер етеді. Жазылып кетуіне бірден бір себеп болады.

Дертіне дауа іздегендерге дамыған елдердің өзінде мұндай жағдай жасалмаған. Яғни, Мемлекеттен берілетін көмек мүлде жоқ. Ал Қазақстан азаматтары медициналық квотаның арқасында ең озық деген емханаларда ем алуда. Бұдан бөлек, қазір қалалық ауруханаларды былай қойғанда, елдімекендегі медициналық орталықтар жоғары технологиямен жабдықталған. Соның арқасында пациенттер жергілікті жердегі стационарларда ем алуда.

НҰРБАҚЫТ КӨПЖАНОВ, №5 ҚАЛАЛЫҚ ЕМХАННЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Қазір Қазақстан көлемінде жоғарғы технологиялық операциялар, емдердің барлығы көбейіп келе жатыр. Осыған орай, медициналық көрсетілімге байланысты науқастарды қабылдау да көбейеді. Жылдан жылға жоғарғы медициналық көмектің барлығы Атырау өңірінде қолданылып жатыр. Шетелге немесе Атыраудың көлемінен шығатын операциялардың, емнің барлығы азайып жатыр.

Былтыр екі мыңнан астам шетел азаматы елімізге келіп ем алған. Дертіне дауа іздеп бізге ат басын бұрғандардың дені Өзбекстан, Ресей, Тәжікстан, Қырғызстаннан келеді екен. Тіпті, Түркия, Германия, Ұлыбритания, АҚШ, Канада сынды елдерден арнайы келетіндер бар.

НАТАЛЬЯ ЮШИЦИНА, ҚР ДСМ СТРАТЕГИЯЛЫҚ ЗЕРТТЕУЛЕР МЕН БАСТАМАЛАРДЫ ТАЛДАУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Медициналық туристердің көбі жүрек ауруларымен келеді. Басым бөлігі жүрек ырғағының бұзылуы, миокард инфарктісі, стенокардия секілді күрделі жағдайларда көмекке жүгінеді. Сондай-ақ, неврологиялық ауруларға да ем іздейтіндер көп. Травматология, кардиохирургия, урология және экстракорпоралды ұрықтандыру орталықтары сұранысқа ие.

Біздің отандастарымыз да медициналық туризм қызметін пайдалана алады. Бірақ басқа елге барып ем іздегенше, өзіміздің ақ халаттылардың көмегіне жүгінген абзал дейді мамандар. Себебі, бұл салада білікті мамандар жетерлік. Сондай-ақ, емханалар жоғары технологиялармен жабдықталған.