Әлеуметтік желіде тараған кадрлардан Астанадағы орталық базар маңында «Ambulance» деген жазуы бар қызметтік көлікке кілем тиеп жатқанын көруге болады, деп хабарлады stan.kz.
«Сіздер күтіп отырған кезде жедел жәрдем көліктерінің қайда жүретінін қараңыздар. Бұл сұмдық. Орталық базардан кілем тиеп жатыр», – делінген видеоның сипаттамасында.
Видеоға қатысты қалалық денсаулық сақтау басқармасы мәлімдеме жасап, көліктің жедел жәрдем станциясына тиесілі еместігін атап өтті. Басқарманың мәліметінше, видеоғы көлік «Қалалық психикалық денсаулық орталығына» тиесілі.
«Жүргізуші шаруашылық бөлімі басшысының нұсқауымен орталық базар аумағына балалар бөліміне сатып алынған кілемді алып кету үшін барған. Осы оқиғаға қатысты тексеру жүргізіліп, оның барысында қызметтік көліктердің рұқсат етілмеген мақсатта пайданылғаны анықталды», – делінген хабарламада.
Басқарма жүргізуші мен шаруашылық бөлімінің басшысына қатаң сөгіс жарияланып, тәртіптік шаралар қолданылғанын атап өтті.