Русский Сайттың толық нұсқасы

Мегаполисте жұқпалы респираторлық вирустық инфекция жұқтырғандар көбейді

  • AstanaTV
  • 10 қаңтар 2025
  • 66

Халықты әсіресе Қытайда тараған метапневмовирус алаңдатып отыр. Мегаполисте бұл жұқпалы ауру тіркелді ме? Жалпы шаһардағы эпидахуал жайлы AlmatyTV тілшісі қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің инфекциялық және паразиттік ауруларды эпидемиологиялық бақылау бөлімінің басшысы Алмаш АХМЕТОВАДАН сұрап білген еді.

- Қазіргі уақытта Алматы қаласында жіті респираторлық вириустық инфекциялар сырқаттанушылықтың байқау деңгейінен аспайтын маусымдық өсімі байқалады. Осы жылдың эпидмаусымынан бастап қалада тұмаудың А типті H1N1 тұмау вирусы Б типті вирусы айналымда жүр. Олардың басым бөлігі - А типті H1N1 тұмау вирусы. Сонымен қатар зертханалық мониторингтің қорытындысы бойынша нәтижелер Алматы қаласында тұмауға жатпайтын жіті респираторлық вирустық инфекцияларды туындататын басқа да вирустар айналымда бар екені анықталды. Олардың ішінде риновирус, РС-вирус, аденовирус, парагрипп, бокавирусты инфекция, маусымдық коронавирус та айналымда бар.

- Ал тұмау мен жұқпалы вирустардан сақтанудың ең тиімді жолы қандай?

- Маусым басталмай тұрып жылда республика көлемінде, сондай-ақ Алматы қаласында тұмаудың алдын алу шараларының бірі - вакциянация. Қазіргі эпидмаусымның алдында қала бойынша қатерлі топқа жататын тұрғындарға арналған 200 мың доза жергілікті бюджеттен алынған болатын. Гриппол-плюс вакцинациясы егілді, бұдан бөлек басқа да жұмысшылар есебінен және әркім өз қаражаты есебінен ақылы медициналық ұйымдарда тұмауға қарсы егілгендер бар. Ең бастысы, ата-аналарға еске сала кететініміз, ауырған балаларды балабақша немесе басқа әлеуметтік орындарға, мектепке жібермеулеріңізді сұраймын.

- Қазір көпшілікті Қытайда тараған метапневмовирус алаңдатып отыр. Алматыда осы вирусты жұқтырған науқастар бар ма? Метапневмовирустың ковид пен тұмаудан айырмашылығы неде?

- Қазіргі күнде желілерде асырып айтып жатқан ақпараттарды өзім де көргенмін. Бірақ айта кетерлігі, метапневмовирус - бұрыннан келе жатқан жіті респираторлық вирустық инфекцияларды туындататын вирустардың бірі. Бұл кеше ғана пайда болған жоқ, бұрын жіті респираторлық вирустық инфекциямен ауырып кеткен науқастардың сынамаларын, зертханалық ретроспективті нәтижелерін тексерген кезде осы вирустың бұрын, 60 жыл бұрын айналымда болғаны анықталған. Онымен ауырған балалардың респираторлық симптомы бар ауырған балалардың сынамаларын тексергенде бұл вирустың бар екені анықталған. Сондықтан бұл жаңа вирус емес, бұрында, біздің елде ғана емес, дүниежүзінің барлық елінде жылда айналымда болатын маусымдық, жіті респираторлық вирустық инфекцияны туындататын вирустардың бірі. Зертханалық мониторинг жыл бойы жүргізіледі. Алматыда метапневовирус анықталған науқастар жоқ.