Русский Сайттың толық нұсқасы

Атырауда өткен «Мерейлі отбасы» байқауында әулетінен 23 педагог шыққан жанұя жеңімпаз атанды

  • AstanaTV
  • 29 мамыр 2017
  • 3213

Атырауда «Мерейлі отбасы» байқауының аймақтық кезеңі мәресіне жетті. Облыс аудандарынан финалға өткен 14 отбасының жетеуі ғана жеңімпаздар қатарынан көрінді. Ең қызығы, қазылар алқасының шешімімен бірінші орынға екі жанұя бірдей лайықты деп танылды. Енді олар байқаудың республикалық кезеңінде облыс намысын қорғайды.

«Мерейлі отбасы» байқауына қатысуға ниеттілер саны жыл өткен сайын артып келеді. Атырау облысында биыл 97 үміткер бақ сынап, оның 14-і ақтық сынға жолдама алған.

Злиха Таласбекова, облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

«Біздің облысымыздағы көпбалалы, сан салада еңбек етіп жүрген, өнегелі отбасыларды алып отырмыз. Яғни осындай өнегелі отбасыларды насихаттау, олардың еңбегін, өмірін кейінгі ұрпаққа үлгі ету, дәріптеу болып табылады».

Қазылар алқасы финалға өткен отбасылар арасынан жетеуін таңдады. Нәтижесінде, үшінші орынға үш, екінші орынға екі жанұя лайықты деп танылды. Байқаудың бас жүлдесі де екі отбасыға Исатай ауданынан келген Жұмағазиевтер мен Жылыойлық Асабаевтарға берілді.

Закария Жұмағазиев зайыбы Тотан Мардановамен бірге 14 бала  - 5 ұл мен 9 қыз тәрбиелеп өсірген. Бүгінде 51 немере мен 14 шөбере сүйіп отыр. Олар жерлестеріне педагогтар отбасы ретінде белгілі.

«Ерен еңбегі үшін» меділін иеленген отағасының «Аға оқытушы» деген құрметті атағы тағы бар.

Закария Жұмағазиев  «Мерейлі отбасы» байқауының облыстық кезеңінің жеңімпазы:

«Мұғалімдер отбасы деп атайды. Себебі өз шаңырағымда 10 мұғалім бар. Ал, әр үйдің шаңырағын қосқанда, 23 мұғалім бар. Соның арқасы болар енді, бізді жеңімпаз атап, осында жберді».

Жылыойлық Асабаевтар да 4 ұл мен 7 қыз тәрбиелеген. 41 немере мен 26 шөбересі бар. Кисенбай Асабаев зайыбымен бірге ұзақ жылдар бойы ауыл шаруашылығы саласында жемісті еңбек еткен. Жеңімпаз атанған бұл отбасылар енді Атырау облысының атынан республикалық байқауда бақ сынайтын болады. Екі жанұяға да сыйлық ретінде Қостанай облысындағы «Сосновый бор» шипажайына жолдама берілді.

Жақсыбек КЕМАЛ