Русский Сайттың толық нұсқасы

"Пара берем" деп уәде еткендер үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылуы мүмкін

Билік басындағылар жемқорларды жөнге салмақ. Енді Бәке, Сәкелердің арқасында жұмысқа орналасу жоғынан. Параны алушылар ғана емес, берушілерге де тықыр таяды. «Қолақыңды беремін!» деп параны уәде еткені үшін де қылмыстық жауапкершілік қарастырылуы мүмкін. Халықты толғандырған, тұңғиыққа батырған мәселемен күресіп, оның алдын алу үшін арнайы заң жобасы Мәжілісте қаралды. Құжатта не айтылған? Мөлдір Жақан тарқатады. 

Пара ұсынуды криминализациялау 16 жылдан бері күн тәртібінде тұр. Мұндай талап әлемнің 38 елінде қолданылады. Жаңа заң жобасына сәйкес арнайы мемлекеттік тізілім енгізіледі. Онда сотталған жемқорлардың аты-жөні тайға таңба басқандай көрініп тұрады. Сондай-ақ мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйым қызметкерлерінің сыйақыны қорқытып алуы бойынша да жұмыс жетілдіріледі.

ҰЛАН САРҚҰЛОВ, ҚР СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ АГЕНТТІГІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

Түзетулер 2021 жылғы Президент Жолдауында айтылған тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты жою тапсырмасын орындауға бағытталған. Тәжірибеге сүйенсек, халыққа қызмет көрсету орталықтарының, ауруханалардың, жоғары оқу орындарының және банк қызметкерлерінің сыйақыны бопсалау фактілері жиі кездеседі.

Баяндамашы сөзін аяқтай сала, депутаттар тұс-тұстан сұрақты жаудырды. Жемқор шенеуніктерге шетелге шығуға тыйым салуды ұсынды. Бұл норма жазасын өтеп келген шенділерге де қатысты болуы тиіс. Өйткені халықтың ақшасын аямай, асап жеген парақорлар қаражатты оффшорлық аймақтарға шығарады. Ал оны кейін таба алуыңыз екіталай. Бірақ Антикор өкілінің бұл мәселеге қатысты жауабы қысқа болды.

Мұндай жауапқа депутаттар разы болмады. Пікірталасқа Мәжіліс спикері араласты. Ал Мәжілісмен Еділ Жаңбыршин жемқорлықпен күресті құқық қорғау органдарынан бастау керек дейді.

ЕДІЛ ЖАҢБЫРШИН, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Ең бірінші өздеріңді тазалап алыңдар. Өздерің жұмыс істеңдер, параға итермелемеңдер. Сол кезде барлығы жақсы болады.

Бұдан өзге мемлекеттік лауазымдағы азаматтар кадрлар бөліміне жеке мүдделері туралы декларацияны ұсынуға міндеттеледі. Декларацияда бір мемлекеттік органда немесе ұйымда жұмыс істейтін жақын туыстары, жұбайы, жекжаттары туралы ақпараттар көрсетіледі.

АЙДОС САРЫМ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Болашақта осы компаниялар немесе осы кісілердің атынан келетін азаматтар болса онда мені осы комиссиядан шығарып тастауыңызды сұраймын немесе мен өзім осы тендер өткенге дейін өзімнің жұмысымды тоқтатамын деп өзі міндеттеме алуы керек. Бұл - жаңа мәдениет дедік. Ал енді осы құжатты уақытында тапсырмағаны үшін, бұрмалағаны үшін басқа да жауапкершіліктер бар.

МӨЛДІР ЖАҚАН, ТІЛШІ:

Тартысқа толы талқылаудан кейін заң жобасы Мәжілістің бірінші оқылымында мақұлданды. Құжатты дауыс беруге қатысқан 94 депутаттың 93-і қолдады. Ал кем-кетіктер мен тың ұсыныстар екінші оқылымға дейін қайта қаралатын болады.