Қызылжарда 116 ауыл бақылауға алынды. Өңірде су тасқынына қарсы шаралар басталды. Петропавлдың жан-жағынан төрт бөгет салынып жатыр. Ал Қызылордада бөгеттерге кезекшілік қойылды. Облыста 30 шақты елдімекенді су басу қаупі бар. 53 эвакуациялық бекет дайындалған. Аймақтардағы ахуалды тілшілер тарқатып айтады.
АБЗАЛ ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:
Былтыр алапат су тасқынынан аузы күйген теріскейліктердің биыл дайындығы мығым. Жүзден астам тас жолдың астынан ірі құбырлар жүргізілді. Суға кетуі мүмкін деген 116 ауыл арнайы бақылауға алынды. Ол жерде құмды бөгеттер соғылуда. КСМ Петропавлдың айналысында да 4 шақырымға созылған дамба тұрғызылып жатыр. Ақбалшықты бөгет бірнеше жерден сыр беріп, тілім-тілім болып жарылып кеткен. Алайда, жергілікті билік жасанды қорғанның құрылысы әлі аяқталмаған деп, жұртты сабырға шақырып отыр. Жалпы биыл тасқынға қарсы әзірлік шараларының тағы бір ерекшелігі - мұз жару жұмысы қайтадан қолға алынбақ. Былтыр өзен бойымен аққан мұздың ірі бөлшектері жолда тұрған барлық нысандарды бұзып, теріскейліктерге үлкен шығын келтірген болатын.
ЕРНАР РҮСТЕМ, СҚО ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАС МАМАНЫ
Мұз Есіл өзенінде бірнеше жерден жарылады. Оны көктем айында бастаймыз. Өзен бойында, бұрылыстарды, мұз кептелетін жерлерде алдын ала жару жұмыстары жүргізіледі және елді-мекендерде, көпірлердің жанында мұзды кесу жұмыстары жүргізілетін болады.
АБЗАЛ ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:
Казгидромет мамандарының айтуынша, биыл жауын-шашын мөлшері нормаға сәйкес. Қар көп жаумағанымен, Сергеев су қоймасы 101 пайыз толық. Демек, Есіл өзені қалыпты жағдайына дейін түспейді. Құзырлы органдар қазір болжам айтуға әлі ерте деп отыр. Дегенмен, өңірде мыңдаған адамды қабылдай алатын 220 эвакуациялық бекет дайын. Әрі қарай сөзді қызылордалық әріптесіме беремін....
МӨЛДІР ТОҚТАСЫНҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
Биыл Сырдарияда су деңгейі былтырғыдан жоғары. Сондықтан тасқынның алдын алу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Арнайы бөгеттер қойылып, кезекшіліктер ұйымдастырылған. Ықтимал су тасқыны кезінде халықты көшіру үшін 53 эвакуациялық жинақтау және 36 қабылдау пункті дайындалған.
Аймақта 29 елдімекенде су тасқыны қаупі бар. Онда 70 мыңнан аса халық тұрады. Тұрғындарға мамандар тарапынан ескерту жасалған.
ТҰРЛЫБЕК ДОСПЕНБЕТОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Тілсіз жау болғаннан кейін әрине қорқамыз, кішкентай балаларымыз бар. Өзіміз қорықпасақ та бала- шағамызға қорғып отырмыз.
Қазір Шардарадан облыс аумағына мол су құйылып жатыр. Ол аса қауіп тудырмайды дейді мамандар. Дегенмен, сең жүру кезінде су деңгейінің көтерілетіні белгілі. Сондықтан бөгеттерді жырып кету қаупі бар.
БЕЙБІТХАН СПАНОВ, ОБЛЫСТЫҚ ТЖД ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙДЫҢ АЛДЫН АЛУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
Арал ауданының Аманөткел елдімекені +қауіпті участок болып саналады. Жалағаш ауданы, Сырдария ауданының учаскелері бар. Қызылорда қаласының ПМК-29 саяжайлары, Талсуат елді мекенінің тұсы қауіпті болып саналады. Соның барысында нығайту жұмыстары жүргізіліп, биыл аяқталды. Дегенмен қауіп жоқ деп айта алмаймыз.
МӨЛДІР ТОҚТАСЫНҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
Бүгінде сала мамандары дариядағы ахуалды тікұшақпен барлап, су тасқынының алдын алу мақсатында мониторинг жұмысын жүргізуде. Ал Ақтөбедегі ахуалды әріптесім Бақыт Рахметова баяндайды.
БАҚЫТ ҚАЗАНҒАПҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
Ақтөбе облысында да көктемгі су тасқынына дайындық шаралары жүріп жатыр. Былтыр топан судан қауіп төнген Қобда, Ырғыз, Ойыл, Әйтеке би және Темір аудандарында 11 қорғаныс бөгеті салынды. Қалған сегізінің құрылысы жалғасуда.
Жалпы облыс бойынша 45 шақырым жағалау нығайтылып, 38 шақырым қорғаныс бөгеті салынбақ. 32 шақырым қорғаныс бөгетіне жөндеу жұмыстары жүргізілген.
ӘЛІШЕР САРБАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ТЖД ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАРДЫҢ АЛДЫН АЛУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ:
Инженерлік жұмыстар толықтай аяқталды. Қорғаныс бөгеттерін салдық, жөнделді. Қазіргі қысқа мерзімде ең басты жұмыстар- ол елдімекендерден қар шығару арықтар мен нөсер кәріздерді тазарту және су өткізу құбырларын тазарту.Негізгі жұмыстар осы.
Биыл екі су қоймасы құрылысын бастау жоспарланып отыр. Ол- облыс орталығындағы Жаманқарғалы өзеніндегі «Өлке» су қоймасы және Хромтау ауданы Ор өзеніндегі «Жамбыл» су қоймасы.
БЕКБОЛАТ НҰРАШЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ТАБИҒИ РЕСУРСТАР ЖӘНЕ ТАБИҒАТТЫ ПАЙДАЛАНУДЫ РЕТТЕУ БАСҚАРМАСЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:
Жобалық-сметалық құжаттарын жасауды жоспарлап отырмыз. Яғни, бюджеттен қаражат қарастырылды.Конкурсттық рәсімдеу жұмыстары жүріп жатыр.
Қазгидромет мәліметінше әзірге облыс көлемінде тоңның қалыңдығы -64, 75 см. Ал қардың қалыңдығы әзірге 10 смден аспайды.
БАҚЫТ ҚАЗАНҒАПҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
Қаңтар айының соңы, ақпан айында мамандар Қазгидромет өкілдерімен бірге облыстың өзен-көлдерін аралап, қардың тығыздығы, биіктігін, жердегі тоңның қалыңдығын зерделейді. Содан кейін ауа райының болжамы жасалады.