Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақстан мен Жапония арасындағы партияаралық диалог

  • AstanaTV
  • 31 мамыр 2017
  • 3773

«Нұр Отан» партиясы Шығысқа қарап бой түзейді. Еліміздің жетекші саяси күші бұл өңірдегі ең жетекші мемлекеттердің озық тәжірибесінен үлгі алуға ниетті. Аталған тізімде бірінші кезекте Жапония тұр. Астана мен Токио арасындағы әріптестік туралы тілші бейнематериалында. 

Күншығыс елінде Қазақстанды негізінен Елбасының абырой-беделі мен екі елді жақындастыруға сіңірген еңбегінің арқасында жақсы біледі. Қазақстан Президенті Жапонияға бірнеше рет табысты сапар жасап, Император Ахикитомен жүздесті. Жапон депутаттарының алдында сөз сөйлеп, ірі инвесторлармен келіссөздер жүргізді. Жапония Премьер-министрі Синдзо Абэмен жеті мәрте кездесіп, жаңа рекорд орнатты.

«Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары бастап барған делегация стратегиялық әріптестік пен партияаралық диалогты дамытуды көздейді. Мұхтар Құл-Мұхаммед жапон үкіметінің басшысымен кездесіп, Нұрсұлтан Назарбаевтың экономикалық және саяси жаңғыру жөніндегі бастамалары туралы айтып берді. Өз кезегінде Синдзо Абэ КХДР-дың ядролық зымырандарды сынау әрекетін айыптағаны үшін Қазақстан мен оның Президентіне алғысын жеткізді.

Такео Кавамура, Жапония парламентіндегі Қазақстанмен достық лигасының төрағасы:

Өткен жылы Қазақстан Президенті Жапонияға өте табысты сапар жасады. Бұл біздің ынтымақтастығымызды одан әрі нығайта түсу үшін жаңа серпін берді деп есептеймін. Алдағы уақытта ынтымақтастығымызды арттыратын игі істерді көптеп жүзеге асыруымыз керек.

Такео Кавамура - еліміздің Жапониядағы ең жақын досы. Ол Жапония парламентіндегі Қазақстанмен достық лигасын басқарады. Оның құрамында 40-қа жуық депутат бар. Олардың көбі - билеуші Либералдық-демократиялық партияның мүшелері. Мұхтар Құл-Мұхаммед партияның Бас хатшысы Тосихиро Нихаймен кездесіп, партияаралық диалогтың келешегін талқылады. Жапон либерал-демократтарының тәжірибесі біз үшін маңызды. Себебі осы жапон партиясы елдегі «экономикалық таңғажайыптың» бастауында тұр. Бүгінде нұротандықтар да Үшінші жаңғырудың алдыңғы шебінде.

Мұхтар Құл-Мұхаммед, "Нұр Отан" партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

Тәуелсіздік жылдары Қазақстан мен Жапония арасында өзара сыйластық пен ынтымақтастыққа негізделген қарым-қатынас орнады. Осы жылдар ішінде Елбасымыз төрт рет Жапонияға ресми сапармен келді және ол бұл елдің ең жоғары наградасымен наградталған. Нұрсұлтан Әбішұлы бұл елдегі саяси, іскер топтар арасында аса үлкен танылмалдылық пен беделге ие. Мінеки сондықтан «Нұр Отан» партиясы осы елдегі ең үлкен саяси күш болып табылатын, елдің премьер-министрі басқаратын Либералды-демократиялық партиямен байланысты жаңа деңгейге көтеріп отыр.  

Жапония - өзінің ғылыми зерттеулерімен, IT технология саласындағы жетістіктерімен әлемге аты шыққан ел. Токиода «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасарына жасанды зияткерліктің көмегі арқылы адамның кім екенін анықтауға мүмкіндік беретін технологиялық құрылғылардың жұмысы көрсетілді. Мұндай ноу-хауды бүгінде Бразилия, Сингапур және АҚШ әуежайлары қолданады.

Айбек ҚОСАН