Русский Сайттың толық нұсқасы

Павлодарда сүрілуі тиіс Алюминстрой ауданының тұрғындары «10 күнде үйлеріңді босатыңдар» деген хабарлама алды

  • AstanaTV
  • 02 маусым 2017
  • 2843

Павлодарда сүрілуі тиіс Алюминстрой шағын ауданының тұрғындары тағы да даудың ортасында қалды. Жергілікті биліктен «үйлерің маусымның 1-нен сүріле бастайды. Пәтер іздеңдер» деген хабарлама алған бұқара енді не істерін білмей дал. Билік пен халықтың мәмілеге келе алмауының себебін әріптесім Әсемгүл Мұхитқызы зерттеп көрді.

-Бұны кім әкелді? - Бір жігіт, жас жігіт. Біз шықтық ойбай деп. Дауластық, ол кетіп қалды. Біз студент емеспіз гой, сөмкені алып жүре беретін. Мына нәрсені қайтеміз десек, ол сендердің шаруаларың деді.

Мамырдың 20-сында Алюминстрой аумағындағы әр үйдің тұрғыны осындай хабарлама алған. Бір жапырақ қағазда «баспаналар маусымның 1-нен сүріле бастайды. Пәтер іздеңдер!»,- деген талап жазылған.

Сәуле апай бұл үйде 44 жыл тұрады. Жолдасы зауытта жұмыс істеп, осы екі бөлмелі пәтерді алыпты. Балалары бұл шаңырақта туып, ер жеткен. "Жаман болса да, өзімдікі. Шық десе, қайда барамын",- деп налиды қария.

Сәуле Әбілдинова, Павлодар қаласының тұрғыны:

Салсын үйді, екі бөлмені берсін. Соған да құдайға шүкір. Осы маңайдан басқа аудандар керек емес. Осы біздің арманымыз. 

Сәуле апай секілді алаң-елең күйде отырған мұнда 80-ге жуық отбасы бар. Дені зейнеткерлер мен көп балалы жанұялар. Тіпті мүгедектер де бар. Тұрғындардың айтуынша, билікке бірінші кезекте құрылыс алаңы қажет. Ал, адамдардың жағдайын ойлайтын ешкім жоқ.

А земля государственная. А мы где живем? Не в этом государстве? Не на этой земле? Мы же налоги земельные тоже платим. И получается, мы здесь в своем государстве, вроде, как чужие что ли?

Бұқараны алаңдатқан тағы бір мәселе - келісімнің талабы. Хабарламада «мемлекеттік мекеме мен тұрғындар арасындағы шарт жарты жылға жасалады» делінген. Яғни жалдамалы пәтердің ақысы 1 маусымнан 31 желтоқсанға дейін төленбек. Әкімдіктің есебінше, бұл уақыттың ішінде  Алюминстрой тұрғындарының үйі салынып бітеді. Алайда, құрылыс созылып кетсе, жайымыз не болмақ, дейді жұрт. 

Наталья Костина, Павлодар қаласының тұрғыны:

Желтоқсанда қала әкімімен жиналыс өтті. Сол кезде енді ғана құрылысы басталған емес, ана пайдалануға берілуге дайын тұрған көп қабатты үйлерден пәтер береміз деген еді. Алайда ақпанда, алдыңғы айтқанынан айнып қалды. Ол үйлер «Тұрғын үй құрылыс банкіне» тиесілі, сендерге берілмейді, деді. Үйлерің салынғанша, күтіңдер! Үш жақты келісімге отырып, жалдамалы пәтер іздеңдер, деді. Айтыңызшы, қандай сенім бар?!

Жергілікті билік тұрғындардың базынасын жақсы білетінін айтты. Әкім орынбасары Андрей Балашовтың сөзінше, бұқарамен екі-үш мәрте кездесу өткізілген. Меншік иелеріне мәселені шешудің бірнеше жолы ұсынылыпты. Соның ыңғайлысы - уақытша жалдамалы пәтерге көшіру. Бұл бойынша, нақты жұмыстар жүргізілуде. 1 маусымнан бастап келісімге отыру үшін тұрғындардан құжаттар қабылдау басталды. 

Андрей Балашов, Павлодар қаласы әкімінің орынбасары:

Қазір белгілі бір мөлшерде пәтерді таптық. Бұл бизнес қой, күнделікті жаңа пәтерлер жалдауға қойылып жатыр. 4 үйдің тұрғындарын орналастырған соң, қалған үйлерге кірісеміз. Салынып жатқан екі үй 13, 13А - сүрілген баспаналардың тұрғындарына беріледі. Пәтерлердің жобалауы да ескі пәтерімен сәйкестендірілген. Шарт бойынша алғашқы үй қарашада пайдаланылуға беріледі. Сәйкесінше, сол үйге тұрғындар көшірілмек.

Әсемгүл Мұхитқызы, тілші:

Алюминстрой шағын ауданында 159 екі қабатты үй болған. Әбден тозығы жеткен бұл баспаналар кеңес одағы тұсында жұмыскерлерге уақытша тұрақ ретінде берілді.  Ескі үйлер  2013 жылдан шетінен сүріле бастады. Бүгінде аумақ ауқымды құрылыс алаңына айналған. 5 көп қабатты пайдалануға берілсе, тағы 6 үйдің құрылысы басталған. Сөйтіп бұл жерде Сарыарқа деп аталатын мөлтек аудан пайда болады.