Қарағанды облысы Шахан кентіндегі апатқа қатысты 5 лауазымды тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Атышулы істі тергеу аяқталып, материал жақын арада сотқа жөнелтіледі. 9 адамның өліміне соқтырған оқиғаға кінәлі ретінде кент әкімі мен оның орынбасары, сондай-ақ бірнеше маман айыпталып отыр. Бұл туралы «Астана» телеарнасына облыстық прокуратура өкілі хабарлады.
Ғабиден Жиенбаев, Қарағанды облыстық прокуратурасының арнайы прокуроры:
Бұл азаматтар ҚК-тің 370-інші, яғни «Қызметтегі әрекетсіздік» бабы бойынша айыпталды. Олар жылыту қазандығының дұрыс қолданылмағанына, әрі құрылыс ережелерінің бұзылғанына көз жұма қарап, еш шара қолданбаған.
Прокурордың
айтуынша, шенеуніктердің ешқайсы кінәсын мойындамаған. Олардың қылмысы
дәлелденсе, 4-тен 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Іс бойынша
жапа шегуші ретінде 11 адам арызданған.
Еске салсақ, жыл басында Шахан
кентіндегі көпқабатты үйдің жертөлесінде қазандық жарылып, салдарынан үйдің бір
подъезі құлады, 9 адам қаза тапты. Оның үшеуі бала. 4 отбасының пәтері тұруға
жарамсыз болып шықса, тағы 10 баспана жартылай зақымданған. Сол күні жертөледе
пеш жаққан адам оқиға орнынан ізін суытқан еді.
3 ай бойы іздеуде болған оның өлі денесі Саран қаласы маңынан табылған.