Русский Сайттың толық нұсқасы

Қарағанды облысында қарияларды алдап ақшасын алып келген алаяқ әйелдер ұсталды

  • AstanaTV
  • 06 маусым 2017
  • 3181

Қарағанды облысында қарияларды алдап ақшасын алып келген алаяқ әйелдер ұсталды. Екі келіншек өздерін емхана медбикелеріміз деп таныстырып, үлкен кісілердің сеніміне кірген. Осылайша олар бас аяғы 4 жарым айдың ішінде 19 зейнеткерді сан соқтырған. Полицейлер алаяқ әйелдердің ісін әшкерелеп дереу қамауға алды.

Айжан Қуаш, тілші:

Келіншектердің екеуі де тұрмыста. Кішкентай сәбилері де бар екен. Қарияларды алдап оңай жолмен ақша таппақ болған әрекетін олар мойындап отыр. Қылмыстың жоспарын кинолардан көріп, жасаған көрінеді.

Жасаған ісіне қатты өкінетінін айтқан бұл әйел құрбысымен бірге ақпан айынан бері 19 қарияны алдап соққан. Олар тек емхана медбикесі ғана емес, өздерін кейде зейнетақы қоры, банк, әлеуметтік қорғау бөлімінің қызметкерлеріміз деп те таныстырған көрінеді. Зейнеткерлердің кейбірінен 40, 60 тіпті 130,140 мың теңгеге дейін ақша алыпты.

Мен қатты өкінемін. Қазіргі жағдайымды камерада отырған адам ғана түсінеді. Мұнда бір күн түнеп шыққан адам қайтып келгісі келмейді.

Екінші алаяқ дәл бұлай көз жасын төкпеді. Тергеушіге аңғал қарттарды қалай алдап соққанын бүге-шігесіне дейін айтып берген ол, мұндай қылмысты жасауға тұрмыстағы тапшылық итермеледі,- деп ақталды.

Емханадан тексеруге келдік деп алдап, әңгімеге тарттық, ақшаларын қайда жасырғанын біліп алдық. Сосын ақшаны алып, жылдам кетіп қалатынбыз. Отбасында ақша жетіспеді. Күйеуім жұмыс істемейді. Табыс табу үшін осындай әрекетке бардым.

Алаяқтардан Қарағанды мен Теміртау қалаларының бірнеше тұрғыны жапа шеккен. Бірақ, алданған қариялар саны бұдан көп болуы мүмкін,- дейді полицейлер.

Бақытжан Құдияров, Қарағанды облыстық ІІД баспасөз хатшысы:

«Аталған факт бойынша бүгінде «Алаяқтық» бабымен қылмыстық іс қозғалып, күдіктілер уақытша қамау изоляторына қамалды. Қарағанды облыстық ІІД аталған күдіктілерден жәбір көрген басқа облыс тұрғындары бар екенін жоққа шығармайды. Жәбірленушілер болса 51-06-91 немесе 102 телефондарына хабарласуларын сұрайды».

Айжан Қуаш, тілші:

Әйелдер бұған дейін сотталмаған. Мұндай алаяқтық әрекеттерін күйеулеріне білдірмей жасаған. Аула тазалаймыз, қоршау бояймыз деп, қарияларды аңдығандарын айтып отыр. Алайда, оқиғаның шын мәнінде қалай болғанын полиция анықтайды.

Айжан ҚУАШ