Русский Сайттың толық нұсқасы

Павлодарда қатты дауыл 15 үйдің шатырын жұлып, он шақты электр бағанасын істен шығарды

  • AstanaTV
  • 21 маусым 2017
  • 3299

Павлодарда дүлей дауылдан 15 баспана зардап шекті. Қатты желдің екпінімен шатырлар ұшып, электр сымдарын үзген. Бағаналарды құлатқан. Табиғаттың тосын мінезі Кенжекөл ауылының тұрғындарын әбігерге салып қойды. Көпшілігі бұзылған үйін қалыпқа келтіруге шамасы жетпейтінін айтып налиды. 

Әсемгүл Мұхитқызы,  тілші:

Түнгі сағат 1 жарым шамасында бұл жерге кәдімгі құйындатып келген дауыл жан-жағын жайпап кеткен. Бүгінде қаншалықты шығын келтірілгені белгісіз. Дегенмен, бұқараның сөзінше, бұзылған үйлерін қалыпқа келтіруге оларға қомақты қаражат қажет.

Дәулет Үйсіпхан үшін кешегі түн мәңгі есте қалары анық. Тыныш ұйықтап жатқан үй-ішін бір сәтте үрей баурап алған. Желдің екпінінен баспанам теңселіп кетті, - дейді кенжекөлдік тұрғын. Үш баласы мен әйеліне қорғануды айтып, әрең далаға шығыпты. Дүлей дауыл шатырын жартылай жұлып әкеткен.

Дәулет Үйсіпхан, Кенжекөл ауылының тұрғыны:

Бес жылда бір болты босап көрмеген шатырдың. Шамамен 2 млн қаржы кетті. Міне 31-ге келдім. Осы жасқа келгелі осындай дауылды бірінші рет кездестіріп тұрмын.

Баспаналарының шатыры жұлынып, шарбақтары құлаған қауым үйге кіруден қорқып отыр. Әсіресе, балалар. Сондықтан таң атқалы далада жүрміз,-дейді бұқара. Себебі де түсінікті. Көріп отырғанымыздай, маңайда темір-терсек пен тақтайлар шашылып жатыр. Тіпті желмен ұшқан жабындының бір бөлігі электр сымына ілініп қалған.  

Сұмдық болды. Негізі шетелден көруші едік қой - Америка, Қытайда.

Жергілікті биліктің ақпарынша, дауылдан Кенжекөлдің үш көшесі зардап шеккен. Әсіресе, жаңа шағын ауданның үйлері бүлініпті. Бағаналар құлап, электр сымдары үзілгендіктен, түннен бері елді мекенде жарық жоқ. Сондықтан бірінші кезекте осы мәселені ретке келтіреміз,-дейді ауыл әкімі. Ал өтемақыға қатысты нақты ештеңе айта алмады. Бұл істі  арнайы комиссия шешетін болады.

Асылхан Манкеев, Кенжекөл ауылының әкімі:

Өздерінің критерийлерімен қалай болады, бәріне, әрине, көмек болады. Мердігерлер екі сағаттың ішінде бағаналарды қойып, ертең түске дейін барлығын орнына келтіріп, жарықты береміз.

Оқиға орнында төтенше қызмет өкілдері мен энергетиктер жөндеу жұмыстарын бастап кетті.  Мамандар алдымен аумақта шашылып жатқан шатыр бөлшектерін жинауға кіріскен. Ал тұрғындар жауын-шашын болмаса деп тілейді. Әйтпесе, төбесі ашық баспаналар судың астында қалуы әбден мүмкін.

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ