Ет бағасы былтырғымен салыстырғанда 400 теңгеге қымбаттаған. Әсіресе, сиыр етінің құны бірден шарықтады. Өнім кей жерлерде 3400-ден саудаланып жатыр. Енді етсіз ас батпайтын тұрғындар қалай амалдайды? Бағаның құбылуына не себеп? Өңірдегі әріптестерім тарқатады.
АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:
Елдегі әр адам бір айда 6 келі сиыр еті, 2 келі жылқы мен бір келі қой етін жейді. Түске емес, тісімізге кірсін деген тұрғындар қалтасындағы соңғы тиынын сатушыға санап береді. Қазір базардағы еттің бағасы ұшып тұр. Тойып ет жемесе, көңілі тыншымайтын жұрт амал жоқ аламыз дейді.
Ет бағасы әр өңірде әртүрлі. Астана базарындағы баға мынандай.
Жылқы етінің бір келісі 3050 теңге. Қойды 2800-ге аласыз. Сиыр етінің құнында біраз өзгеріс бар. Бірден 3100-ге өскен. Шошқа еті 2300, тауық 1500 теңгеден сатылып жатыр.
БЛИЦ-САУЛНАМА:
- Түгел қымбаттады барлығы.
- 2300-ден алатынмын, қазір 3500 бір келісі.
- Мен шетелде тұрып келдім 5 жыл. Қазақстанға келгенде шок болдым. Бағасы өте қымбат.
Былтыр ет экспорты 73 мың тоннаға жетті. 2023 жылы көрсеткіш 50 мың тонна болған. Біз өнімді көбіне Өзбекстан, Ресей мен Қытай нарығана жібереміз.
Әдетте бағаның құбылуына тауардың аздығы әсер етеді. Бірақ бізде ет көлемі жеткілікті. Сондықтан сатушылар қымбатшылықтың нақты факторын дөп басып айта алмай отыр. Бірақ баға өскелі тұтынушыдан сұраныс азайғанын жасырмады.
Қазір еттің ең қымбаты Атырауда. Шығыс Қазақстан, Ақмола, Қарағанды мен Ақтөбеде де арзан емес. Алматылықтар да сиыр етін емін-еркін жей алмадық деп наразы.
АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:
Иә, етсіз асты ас көрмейтін халық екеніміз рас. «Ет дегенде бет бар ма?» деп қып-қызыл ақша тұрса да, сатып алуға даярмыз. Былтыр етті ең көп Жамбылдықтар жепті. Маңғыстау мен Атырау облысының тұрғындары да тістерін біраз шұқыған көрінеді. Ал, ең аз жеген өңір деп Шымкент қаласы көрсетілген. Тұрғындары күн сайын тойға баратын аймақтың өнімді аз тұтынуына, бәлкім, қымбатшылық әсер еткен болар. Өзгеріс, сіздерде жағдай қалай? Тұрғындар ет алуға тарығып жатқан жоқ па?
ӨЗГЕРІС ҚУАНАР, ТІЛШІ:
Иә, Аружан, Павлодарда да ет өнімдері қымбаттаған. Әсіресе, жылқы етінің бағасы аспандап кетті. 1 келісі 3500 мың теңгеге жеткен. Ал халық жиі тұтынатын сиыр етінің келісі - 3000 теңге.
Қой етінің де бағасы сиыр етімен шамалас. Базардағы баға ырыққа көнбей тұр. Бұқара бағаның бағынбай бара жатқанына қынжылады.
БЛИЦ-САУАЛНАМА:
- Жылқы, сиыр еті деген орындалмас арман. Зейнеткерлер үшін ет жеу жүлде ұтып алғанмен бірдей. Өйткені, ет қымбат. Сондықтан, тауық етін ғана аламыз.
- Сиырдікі 2 жарым мың, ал жылқыны 3 мың. Қайдан білейін қымбат ғой бәрібір.
- Мұнда например магазинде 3 мың, 3 жарым мың деп. Мына бір жерде социалный бар. Онда арзандау. 2 жарым, 2800. Ол жерде кішкене арзандау социалный болғаннан кейін. Мынау қымбат болып тұр.
Павлодарда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік түрі бір жарым есе өскен. Оның ішінде ет және сүт өнімдері де бар.
РАШИД КӨКІШЕВ, ОБЛЫСТЫҚ КӘСІПКЕРЛІК ЖӘНЕ ИНДУСТРИЯЛЫҚ-ИННОВАЦИЯЛЫҚ ДАМУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Бағаларды тұрақтандыру мақсатында «Жайлау» базарында апта сайын ауыл шаруашылық өндірушілерден тікелей ет өнімдері жеткізіледі. Сондай-ақ, өнім апта сайын ауыл шаруашылық жәрмеңкесіне жеткізіледі. Сөрелердегі бағасы 2300 теңгеден астамды құрайды.
Әкімдік бағаның өсуін тежеу мақсатында шаруаларға субсидия берілетінін айтады. Бірақ, мұның да жыртыққа жамау бола алары белгісіз. Өйткені, қазір мал бағудың өзі толған шығын. Сондықтан, ет өнімдері жақын арада арзандай қоймасы анық.