Русский Сайттың толық нұсқасы

«Жібек жолы» бағдарламасы аясында Грузия Қазақстан сияқты транзиттік елге айналуы мүмкін

  • AstanaTV
  • 13 маусым 2017
  • 3201

Бүгін Астанада бір күн Грузия тақырыбына арналғандай болды. Президенті ресми сапармен келіп, Ақордада Елбасының қабылдауында болды. ЭКСПО көрмесінде Грузияның ұлттық павильоны ашылды. Грузиямен арадағы байланыс қандай? Көрмеге олар нендей қызықтарын ала келген. Айгүл Әдепбай айтады.

Ақордадағы ресми қабылдау әдеттегідей өтті. Екі елдің әнұрандарынан соң президенттер екі жақты кездесу өткізді. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның Грузия экономикасына инвестиция құйып отырған негізгі мемлекет екенін айтты. Ал Грузия басшысы өз кезегінде алғысын жаудырумен болды. Президенттердің кездесуі түске дейін аяқталды. Одан соң мемлекет басшылары БАҚ алдына шықты.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Халықтарымыздың тарихи тұрғыда қалыптасқан достық қатынастар осы кезеңде нығая түседі деп ойлаймын. Грузия президенті күн тәртібіндегі өңірлік, жаһандық мәселелер жөнінде біз кеңінен пікір алыстық. Әлемдегі ахуалдың дамуына және біздің елдерге қатынасына, екі елдің арасындағы экономикалық саяси қарым-қатынасқа байланысты көлемді түрде біз пікір алмастық.

Қытайдың «Бір белдеу - бір жол» жібек жолы бағдарламасы аясында Грузияны транзиттік мемлекетке айналдыруға болады деді президент. Нұрсұлтан Назарбаев отандық компаниялар жұмыс істеп жатқан Батуми терминалы мен портының маңыздылығы туралы талқылап, ондағы мәселелерді шешу бағытын қарадық деп атап өтті.

Егер қос үкімет тариф мәселесімен келіссе, бұл жол Қазақстан, Грузия және Қытай үшін ең тиімді болмақ. Ал мәртебелі мейман президентті өз еліне шақырды.

Георгий Маргвелашвили, Грузия президенті:

Біз Грузияның аймақтағы қиындықтарын да талқыладық. Мен Презиеднт Назарбаевқа Грузия егемендігі мен аймақтық тұтастығы, тұрақтылығын сақтап қалуда көрсеткен қолдауыңыз үшін алғысымды білдіргім келеді. Мен Президент мырзаны өз еліме қонақ ретінде шақырдым. Ол сапар арадағы экономика, туризм және мәдениетті одан әрі жақындата түсетініне сенімдімін. 

Ақордадағы салтанатты қабылдаудан соң Грузия президенті ЭКСПО көрмесіне барып, ұлттық павильонын ашты. Айта кетерлігі, Грузия энергетикасының 80 пайызын баламалы қуат көздерінен алады. Грузин халқы дәстүрлерін бұзбай, сан алуан шараптарын ала келген. Ұлттық нақыштағы әшекейлерін де самсатып тастады. Атақты жұлдыздары да қазақ топырағында. 

Тамара Гвердцители, Грузияның халық әртісі:

Маған көрмеде бәрі ұнады. Бұл жердегі энергетика керемет. Басқа әлемге, басқа ғаламшарға түскендей боласың. Адамдар өте мейірімді. Біз әркім өз елімізді таныстырып, барынша көрсетуге тырысып жатырмыз. Мен Қазақстанда бірнеше мәрте болдым. Бірақ әр келген сайын дамып жатқанына таң қаламын. 

Қазақстан мен Грузия арасындағы тауар айналымы 2016 жылы 41 млн долларды құрады. Бұл 2015 жылғы көрсеткіштен 34 пайызға төмен. Біз оларға мұнай және мұнай өнімдерін, бидай мен макарон өнімдерін экспорттаймыз. Ал Грузия бізге шарап пен жүзімін, жаңғақтары мен табиғи суларын импорттайды. Елбасы Грузиямен арадағы әріптестікті одан әрі жақсартуға ешқандай кедергі жоғын айтты.

Айгүл ӘДЕПБАЙ