Русский Сайттың толық нұсқасы

Қыркүйектен бастап мамандығы жоқ адамдар, жасына қарамастан, колледждерде тегін білім ала алады - ЕХӘҚМ

  • AstanaTV
  • 14 маусым 2017
  • 2779

Алдағы күзде 20 мыңдай қазақстандық колледждерде тегін білім алуға кіріседі. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова мәлімдеді.  Білім алуға ниетті адамдардың жасына шектеу қойылмайды. Яғни мектепті енді бітірген түлекпен қатар мамандығы жоқ кез келген жастағы адам мұндай мүмкіндікке ие болады. Ол үшін азаматтар еңбекпен қамту орталығына жұмыссыз ретінде тіркелуі қажет. Студенттер шәкіртақымен және бір мезгіл ыстық тамақпен қамтылады. Ал өзге қаладан келгендерге жолақы мен пәтер үшін қолдау қаржы беріледі. Бұл техникалық маман тапшылығын жоюға және жұмыссыздықпен күреске бағытталған.

Тамара Дүйсенова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі: 

Еңбек нарығын жаңғырту аясында нәтижелі жұмыспен қамту мен кәсіпкерлікті дамыту міндеті тұр. Тың бағдарламаны қолға алу арқылы жұмыссыздықты жою көзделген. Азаматтар сұранысқа ие мамандықтарға оқытылады. 

Сарапшылардың дерегінше, жыл сайын Қазақстанда 2 миллиондай адам жұмысқа орналасады. Олардың тек 10% ғана еңбекпен қамту орталығына тіркелген. Министрлік осы санды 20% жеткізуді жоспарлап отыр. Ал Тамара Дүйсенованың айтуынша, алдағы күзде электронды еңбек биржасы іске қосылады. Онда тұрғындар Қазақстандағы бос жұмыс орындары туралы мәліметті ала алады. Бірыңғай жүйеге жеке еңбек агенттіктерінің мәліметтері де енгізілмек.