Русский Сайттың толық нұсқасы

2025 жылға қарай Қазақстанда электр энергиясын тұтыну 50 пайызға артпақ

  • AstanaTV
  • 19 маусым 2017
  • 3366

2025 жылға қарай Қазақстанда электр энергиясын тұтыну 50 пайызға артады. «ЭКСПО» аясында өткен WSEC-2017 ғалымдар мен инженерлердің дүниежүзілік Конгресінде осындай болжам айтылды. Мамандар "баламалы энергия көзі сән емес, мәжбүрлік" деп отыр.  Болашақты құтқаратын осы баламалы қуат көзі болмақ. Энергетика министрі Қанат Бозымбаевтың айтуынша, әзірге Қазақстанда жағдай соншалықты күрделі емес, алайда, бірнеше жылдан соң мәселе туындауы мүмкін. Электр энергиясын тұтыну 2 есеге артуы ықтимал.

Қанат Бозымбаев, ҚР Энергетика министрі:

2030-2040 жылдарға қарай барлық ескі қуаттар жоспарлы түрде істен шығады. Осылайша, 2050 жылға қарай болжанған сұраныстың 5-ші бөлігі ғана қазіргі қуат көздерімен жабылады. Сол кезде Қазақстанға таңдау жасауға тура келеді. Ол - көмір генерациясын салу не баламалы энергия көздерін дамыту.

Өзге мемлекеттер осы бастан ғаламдық супержелі құруды ойластырып жатыр. Күн жүйесіне негізделген Азиялық желі ерте пайда болуы мүмкін. Ол тіпті шалғай ауылды да энергиямен қамтитын болады. Бүгінде Корея, Жапония мен Қытай осы жүйені дамытуды қолға алып, тиісті меморандумдар жасасқан. Нобель сыйлығының лауреаты Кумар Пачаури бұл процестер бір-бірімен байланысты болуы керек дейді. Су тапшылығының алдын алу үшін төмен көмірсутекті энергияны қолдануды ұсынады. Ол кезде тамақ мәзірін өзгертіп, ет жеуді азайту керектігін де қосты. Ғалымдар климаттың шамамен 4 градусқа жылынатынын да болжап отыр. 

Рэй Квон Чунг, Нобель сыйлығының лауреаты, Корея:

Баламалы энергия көздерінің арзандығына қарамастан, таза, қымбат энергияны дамыту керек. Технологиялық жаңашылдықтарға тікелей инвестиция құю қажет. Бірақ бұл жерде бастысы экономика емес, экология болуы тиіс.