Русский Сайттың толық нұсқасы

Қостанай автозауытында автослесарь арулардың саны артып келеді

  • AstanaTV
  • 21 маусым 2017
  • 3466

Қыз-келіншектер құрастырған көліктер. Қостанай автозауытында автослесарь арулардың қатары артып келеді. Көлік өндірісіне көңілі ауған бикештер жүктелген міндетті  жауапкершілікпен атқарып, ісін тыңғылықты тындыруда. Ер азаматтардан қалыспай еңбек етіп  жүрген арулармен тілшіміз Заңғар Санай тілдесіп қайтты.

Заңғар Санай, тілші:

Бұл зауытта 600 адам жұмыс істейді. Соның 30 пайызы - қыз-келіншектер. Автослесарь арулардың қатары жыл санап артып келеді, - дейді  кәсіпорын өкілдері.

Ангелина Синева, Қостанай көлік зауытының баспасөз хатшысы:

Зауытта 172 қыз-келіншек еңбек етіп жүр. Әрине, арасында кеңсе қызметкерлері де бар. Ал көпшілік арулар көлік өндірісіне атсалысып, өз үлесін қосуда.

Әсел Сәтмағамбетова  зауытта  үш жылдан бері жұмыс істейді. Бойжеткен аз  уақыт аралығында -  көлік құрастырудың  қыр-сырын  жетік  үйреніп алған көрінеді. Қазір ол тәжірибелі  автослесардің бірі.

Әсел Сәтмағамбетова, автослесарь:

Басында бәрі шамалы қиындау болды. Бірақ жұмыстағы жігіттер маған үйретіп, көп нәрсені біліп алдым. Ең бірінші, мастер, бригадирлер, балалар үйретті. Сосын оқыту курстары болып тұрады. Жыл сайын, жарты жыл сайын.

Ал Снежана Семкинаның негізгі мамандығы есепші екен. Бос орын болмағандықтан, бухгалтер қыз көлік құрастыру  ісіне араласуға бел буыпты.

Снежана Семкина, автослесарь:

Әуелі өзімді сынап көрейін деп ойладым. Көлік құрастыру ісі көңілімнен шықты. Диспетчер жұмысын ұсынды, бірақ осында қалдым. Маған есеп-қисаптан гөрі,көлік  құрастырған қызықты.

Автослесарь арулар зауыттағы қиын жұмыстар еркектердің еншісінде екендігін жасырмайды. Алайда, өздеріне жүктелген  міндетті жауапкершілікпен атқарып, жоспарды дер кезінде орындауға тырысады. Темір тұлпардың тізгініне жармасқан сұлулар енді көлік құрастыруға кірісті. Бұл жаңғырудың жарқын көрінісі,-дейді  кәсіпорын өкілдері.

Заңғар САНАЙ