Русский Сайттың толық нұсқасы

Шығыстың қарағайлары Шымкенттің ыстығына шыдас бермеді

  • AstanaTV
  • 22 маусым 2017
  • 2706

Шымкенттегі дендросаябаққа отырғызылған қырым қарағайлары қурап барады. Аптап ыстықтан қазірдің өзінде 380 көшет шөліркеп, сарғайып кеткен. Қылқан жапырақты ағаштар өткен  жылы Шығыс Қазақстаннан әкелінген.

Дендросаябақ қызметкерлері мәңгі жасыл желек саналатын бұл көшеттер оңтүстікті жерсінбеген болуы мүмкін деп отыр. Оның үстіне шығыстың салқын ауа-райына бейімделген қарағайларға күнгейдегі аптап ыстық қиын тиген болуы ықтимал.  Қырғызстаннан әкелінген жасыл желектер де егілген еді. Бірақ оларда мұндай қиындық жоқ. Айта  өтейік, 2016-2017 жылдары саябаққа мыңға жуық қырым қарағайының көшеттері әкелінген. Оған 6,5 млн теңге жұмсалды.

Үсен Мамырбаев, «Шымкент дендрологиялық саябағы» МКҚК  ғылыми қызметкері:

Мемлекеттің ақшасы желге ұшпайды. Себебі тендер ұтып алған адам өзінің гарантийный письмосы бар.  Сентябрь айында бізде жоспарлы инвентаризация болады. Сол уақытта солардың өкілін шақырып, оларды санап көреміз тағы. Сол уақытта қаншасы қурап қалса, соларды қалпына келтіру бойынша өздерінің келісімшарты бар.

Мамандар сарғайған желекті сақтап қалуға қолдан келгенінше тырысып жатқанын айтады. Ал ауа-райын болжаушылар алдағы екі тәулікте аптап ыстықтың беті қайтып күн райы аздап салқындайтынын болжап отыр. Өткінші жаңбыр жауып, жел тұрады деп күтілуде. Айта кетейік, аймақта соңғы бір аптадан бері күн күрт ысып, сынап бағанасы 35-36 градусты көрсетіп тұр.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ