Русский Сайттың толық нұсқасы

Жазалау орындарындағы кезекті азаптау фактісі.

  • AstanaTV
  • 24 маусым 2017
  • 3532

Біздің қоғамның сотталғандарға деген көзқарасы негізінен қандай екенін білеміз. Ақтөбеде № 2 сотта КА-168/3 түзету мекемесінің оперативтік бөлімі бастығының орынбасары Дәулет Байманов, мекеменің тағы екі қызметкері – Ғұмар Ержанов пен Дамир Сухашевке қатысты сот басталды. Қылмыстық кодекстің 146-бабы – азаптау бойынша. Биыл 11-інші наурызда бақылау-өткізу бекеті арқылы сырттағы, яғни түзету мекемесінің аумағынан тыс жердегі жұмысына шығып бара жатқан жазасын өтеуші Сұлтанбек Нұржанов оперативтік бөлім басшысының орынбасары Дәулет Баймановты көреді. Тергеу материалдарына сай, Байманов сотталушыға жаман сөз айтып, тіл тигізеді. Жазасын өтеуші қарсы сөз айтып, шағымданатынын жеткізгенде, оны Байманов колонияның бірінші қабатына желкелеп апарып, басын қабырғаға, сосын кабинет есігіне ұрғылайды. Одан әрі қоластындағы тағы екі түрме қызметкері - Ержанов және Сухашевпен бірге Сұлтанбектің екі қолын екі камераның есігіне кісендеп, ортасына керіп тастайды. Есіктерді ашып, оны азаптай түседі. Сотталушы қатты қиналып, айғайлағанда, Ержанов пен Сухашев басқа сотталушыларға «кім өзін нашар ұстап, бастықтарды тыңдамаса», осылай болатынын ескертіп жатады. Сосын Сұлтанбектің аузына шүберек тығып, одан әрі ұрып-соғады. Кісендеулі жігітті түрме кезекшісі көріп, босаттырған. Одан кейін зорлықшыл үшеу жазасын өтеушіні ешқайда шағымданбауға көндіруге тырысқан. Оларынан түк шықпаған соң, карантиндік камераға қамайды. Әлгілер «тағы азаптай ма»,- деп қорыққан жазасын өтеуші ол жерден далада орналасқан «әжетханаға барамын»,- деп сұранып шығып, бақылаушылар басқа нәрсеге айналғанда, қақпадан секіріп, қашып кеткен. Сөйтіп анасы екеуі бірден прокуратураға барып арызданған. 

Қалиса Әбдісаттарова, Сұлтанбектің анасы:

Баламның түрі... Беті көрінбейді. Балам өзгеріп кеткен. Уже қорқып, мына жағы ісіп кеткен. Сөйлей алмайды. Ауызын шаққа ашып тұр. Мен жалғыз өзім,  бір ғана балам бар. Семьясы бар, осы бала үшін жүрген адаммын. Күндіз-түні  осы бала  шықса екен деп, уақыты болып қалды ғой деп күтіп жатқан анамын. Малды да олай ұрмайды. Малды да аяп кетесің, ұрған кезде.  Менің баламды көрсеңіздер... Пышақтап тастаған сияқты.

Қайрат Қырықбаев, түрме бақылаушысы, куәгер:

Дәлізде Нұржанов тұрды. Оң қолы сегізінші камераға, сол қолы жетінші камераға кісенделген. Не болып жатыр?- деп сұрадым. Байманов: «Сіздің шаруаңыз емес, араласпаңыз»,- деді. Мен Баймановты кабинетке алып кеттім. Сухашев пен Ержановқа кісенді шешіңдер дедім. Сосын Баймановқа жаза қолданылатынын, барлығын арнайы ереже бойынша жасау  қажеттігін ескерттім.

Ақпан айының соңында Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжановтан сұхбат алғанымда былай деген:

Марат Ахметжанов, ҚР Бас прокурорының орынбасары: 

-Түзеу мекемесінде неге болады? Себебі? Түрмеде отырғандар әкімшіліктің заңсыз талаптарын орындамағаны үшін азапталады. Ол болмау үшін барлық жерде бейнекамералар орналастыру керек. Әрбір қызметкер видеорегистратор тағуы керек. Ол өзін ақтауы үшін де керек. Түрмеде отырғандарды періште дей алмаймыз ғой. Жала жабуы мүмкін. Сол кезде – қызмет барысында өзіне қорғаныш, екіншіден, тәртіп сақтауға, адамдардың құқығын бұзбауға алып келеді деп сенеміз.

-Айтып отырған нәрселеріңіз керемет, тамаша, Әйтсе де мен, журналист ретінде өте скептикалық тұрғыдан қараймын. 2-3 жылдан байқай бастайсыз деп айта аласыз ба?

-Заңды ғана өзгертпей, психологияны өзгерту керек. Азаптап жатқандар білуі керек – жай жабылып қалмайды, сұрауы болады деп. Азаптап, аса ауыр қылмыс жасаса, сотталушының орнына барып отыратынын білуі керек...