Русский Сайттың толық нұсқасы

Шымкентте мұнай базаларының біріндегі өрттен бір адам қаза тапты

  • AstanaTV
  • 23 маусым 2017
  • 2557

Шымкенттегі жанармай қоймаларының бірінде тұтанған тілсіз жауды ауыздықтау өрт сөндірушілерге оңайға соқпай тұр. Мұнай өңдеу зауытына жақын жерде орналасқан қоймадағы  өрт бір адамның өмірін жалмады. Апаттың шығу себептері тексеріліп жатыр. 

Айзада Төребекқызы:

Тілсіз жау таңғы сегіздер шамасында тұтанған. Оқиға орнында жұмыс істеген мамандардың мәліметіне сүйенсек, отқа оранған АИ-92 маркілі бензинге арналған 3 мың тонналық резервуар. Сол сәтте  бөшкеде 1,5 мың тонна жанармай болыпты.

Тілсіз жау кезінде бір адам қайтыс болды. Төтенше жағдайлар қызметінің мәліметінше, ол осы мұнай базасының жұмысшысы.

Зарипа Тұрысбекова, ОҚО ТЖД бас маманы:

Болжам бойынша, оператор болып жұмыс атқарады екен. 1971 жылғы азамат алған жарақаттарынан сол оқиға орнында қайтыс болған. Ол төбеде резервуардың төбесінде тиісті жұмыстарын атқарып жатқан шығар, денесі сол жерде жатқан тұғын. Жедел құтқару жасақтың құтқарушылары арнайы альпинистік құтқару жабдықтарды пайдалана отырып, жаңағы азаматты жерге түсіріп, тиісті органдарға тапсырды.

Оқыстан шыққан дыбыс сол маңда тұратын тұрғындарды шошытқан. Алғашында не болғанын түсінбей абдырап қалдық, -дейді олар.

Абай Ақашев, куәгер:

КамАЗ бір жерде құлады ма деп ойладым. Мына терезеден қарап қалсам, мына жақта жанып жатыр екен, сол кезде көрдім.

Жалын шарпыған аумақ шамамен 200 шаршы метрді құрайды. Тілсіз жауды ауыздықтауға 35 арнайы техника мен 200-дей маман жұмылдырылды. Тіпті арнайы өрт сөндіру пойызын алдыртуға тура келген. Алапат өртті ауыздықтау төтеншеліктер үшін оңайға соққан жоқ. Жалын өшірілгенмен, қайта тұтанып, толық ауыздықтау мүмкін болмай жатқан көрінеді. Мамандар оған жел әсер еткенін айтады. 

Зарипа Тұрысбекова, ОҚО ТЖД бас маманы:

Лебі қатты болды. Сондықтан да сол жерде жұмыс жасап жатқан жеке құрамға тікелей өмірлерлеріне қауіп төнген тұғын. Осыған байланысты уақытша барлық жеке құрамның көшіру жұмыстары ұйымдастырылды. 

Өрттің шығу себебі әзірге белгісіз. Мамандар қандай да бір болжам айтуға әлі ерте деп отыр. Оқиға орнында өрт сөндіру қызметкерлері мен сарапшылар тобы да жұмыс істеуде.

Айзада Төребекқызы, тілші:

Айта өтейін, дәл сол аумақта осындай 9 резервуар. Соның  төртеуінде бензин толы. Төтеншеліктер өртті ауыздықтаудан бөлек жанындағы резервуарларға жалын бармауы үшін жанталасып жатыр.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ