Русский Сайттың толық нұсқасы

Қос палаталы Парламент тарихы

  • AstanaTV
  • 20 наурыз 2016
  • 4843

Қазақстанда қос палаталы кәсіби Парламенттің құрылғанына 20 жыл. Осы жылдар аралығында елдің саяси-экономикалық негізі қаланды. Сан саланы қамтитын жүздеген заң жобалары қабылданды. Заң шығарушы орган - өркениетті елдің өсіп өркендеуіне орасан үлес қосатын биліктің бір тарамағы. Қазақстандық парламентаризм тарихын Мөлдір Бақытқызы тарқатады.

Елдегі екі палаталы Парламент тарихы 1995 жылдан бастау алады. Оған дейін төрт жылдай Жоғарғы Кеңес депутаттары жұмыс істеген. Әу баста қазіргі Парламент мажоритарлық жүйені басшылыққа алды. Мандат үшін әр депутат өзі күресетін. Ол кезде 67 округтен 67 адам сайланды. Бәсеке күшті болатын. Бір орынға 7 депутатқа дейін таласқан кездер болды. Халық қалаулылары ауыл-ауылды аралап, дауыс жинау үшін барын салатын.

Марат Сәрсембаев, ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі:

2007 жылы, содан соң  2012 жылы екі рет өткен, ол тек қана пропорциналдық жүйемен өткен Парламент. Тек қана партия тізімдерімен ғана.

Пропорционалдық жүйе 1999 жылы енгізіле бастады. Сол жылы 10 адамға партиялық тізім бойынша Парламентке өтуге рұқсат берілді. Бұл тәжірибе 2004 жылы да қайталанды. Ал 2007 жылы депутаттар толығымен партиялық тізім бойынша өтті. Төртінші шақырылымда 7 пайыздық межені бір ғана партия бағындырған. Осылайша 5 жылдай бір партиялы Парламент жұмыс істеді. Ал 2012 жылы қайта көппартиялы мәжіліске айналды. Жаңа VI шақырылымның міндеті әлден айқын, дейді сарапшылар.

Юрий Булуктаев, саясаттанушы:

Ол дағдарысқа қарсы бағдарламаны,"100 қадамды" іске асыратын заңнамалық негіз қалыптастыру. Бастысы Қазақстанды тұрақты даму деңгейіне көтеру. Жағдай елдегі саяси жүйенің өзгеруіне де байланысты. Сайлаудан соң болуы мүмкін түрлі өзгерістер жайлы болжамдар бар. Президенттік-парламенттік Республика болуы мүмкін. Мұндай жағдайда Парламенттің Үкіметті жасақтап, оның қызметін қадағалау құзіреті артады.

Жұмыс барысында жаға жыртысу біздің Парламентке жат қылық. 11 жылдық депутаттық тәжірибесі бар Елена Тарасенко заң жобасын талқылау кезінде қызу пікірталастар болатынын мойындайды. Кейбір шалажансар әзірленген құжатты жетілдіру үшін, қызылкеңірдек болуға тура келеді. Ал сәрсенбі сайын өтетін жалпы отырысқа күзеліп, түзелген дайын жоба шығарылады. Сондықтан заң шығару процесі ың-шыңсыз өтетіндей көрінеді. Мысалы, заң жобасы Үкіметтен Парламентке түседі. Комитетте тұсауы кесілген соң, арнайы жұмыс тобы құрылады. Мамандар мен сарапшылар том-том құжатты зерттеп, зерделейді. Содан соң, 1,2-оқылымда жалпы отырыста қаралып, Сенатқа жолданады. Ең соңында қол қоюға Президентке жөнелтіледі.

Елена Тарасенко, ҚР Парламент Мәжілісі V  шақырылымының депутаты:

Біз жұмыс тобы қатарында өте белсендіміз. Ең маңызды түзетулер, ең қызу пікірталастар, дау-дамай сол жерде өтеді. Әр норма бойынша сөз таластырамыз. Қандай да бір норма не үшін енгізілетіні дәлелденуі тиіс. Ол өзін өзі ақтауы керек.

Мөлдір Бақыт-қызы, тілші:

Бұл жай түймешік емес, сіз бен біздің, қоғам мен тұтас елдің өміріне қатысты маңызды шешім шығаратын пәрмені бар түймешік. Ал оны басқаратын осы  орын иесі. Иә, депутаттық мандат жоғары жалақы, абырой-атақ, мансаппен шектелмейді. Осы зал бірер күнде қиын-қыстау кезде заң шығару жауапкершілігін мойнына алатын 107 адамға  лық толады. Алтыншы шақырылым депутаттарына әсте оңай болмайды. Бюджетте қаражат бұрынғыдай көп емес. Қалай болғанда да, жаңа экономикалық жағдайға бәріне бейімделуге тура келеді.

Мөлдір БАҚЫТ-ҚЫЗЫ