Русский Сайттың толық нұсқасы

Шахандағы апатқа қатысты сот процесі басталды

  • AstanaTV
  • 27 маусым 2017
  • 2809

Қарағанды облысының Шахан кентіндегі апатқа қатысты сот отырысы басталды. 5 лауазымды адам жауапқа тартылмақ. 9 адамның қыршыннан қиылған өміріне жауаптылар ҚР Қылмыстық кодексінің 370-інші, яғни «Қызметтегі әрекетсіздік» бабымен айыпталып отыр.

Ерзат Мүсеев, Қарағанды облыстық прокуратурасы 2 басқарманың аға прокуроры:

Қылмыстық іс бойынша Шахан кенті мен Шахтинск қалалық әкімдігінің лауазымды тұлғалары күдікке ілініп отыр. Олар ҚК-тің 370-інші бабының 4-інші тармағымен, яғни «Ауыр салдарға әкеліп соққан қызметтегі әрекетсіздік» үшін айыпталады.

Прокурордың айтуынша, аталған бап бойынша күдіктілер 4-тен 8 жылға дейін бас бостандықтарынан айырылуы мүмкін. Алайда, лауазымды тұлғалардың ешқайсы тергеу орындары таққан айыпты мойындамаған. Бүгін алғашқы сот отырысында-ақ шенеуніктер бет-жүздерін түсіруге қарсылық білдірді. Ал іс бойынша жапа шегушілер ретінде 11 адам арызданған. Олар - Шахтинск қалалық әкімдігінің өкілдері мен марқұмдардың туыстары.

Еске салсақ, Шахан кентіндегі көпқабатты үйдің жертөлесіндегі қазандық жаңа жылдың алғашқы түні жарылған болатын. Үйдің бүтін бір подъезі құлап, 9 адам қаза тапты. Оның үшеуі бала. Төтенше жағдайдан 4 отбасының пәтері қирап қалса, 10 баспана зақымданған. Сол күні жертөледе пеш жаққан адам 3 ай іздеуде болды. Кейін Саран қаласының маңынан оның мәйіті табылды.