Журналистер
күні қарсаңында ақпарат құралдарының бірқатар өкілдері Президенттің сыйлығы мен
гранттарын иеленді. Марапат алғандар арасында "Астана" арнасының
редакторы, танымал тележүргізуші Жайна Сламбек те бар. Жайнаның жетекшілігімен эфирге шығатын
"Біздің уақыт" апталық-сараптамалық бағдарламасының шығармашылық
ұжымына қоғамды дамытудың өзекті мәселелерін жариялап-көрсеткені үшін президент
алғысы жарияланды. Үздіктерді Ақордада Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова
марапаттады.
Сондай-ақ
«Айқын» республикалық газетінің тілшісі Айхан Шәріпов экономикалық, әлеуметтік
және саяси реформалар барысын белсенді жариялап-көрсеткені үшін Президент
грантына ие болды. Үздіктер қатарында республикалық арналар мен басылымдардың
және бірқатар аймақтық БАҚ өкілдері бар.
Мемлекеттік хатшы тілшілер қауымының
билік пен халық арасындағы ажырамас байланысты қамтамасыз етіп келе жатқанына
тоқталды. Нұрсұлтан Назарбаевтың ақпарат құралдары саласын дамытуға ұдайы көңіл
бөліп отырғанын атады. Биылғы жүлденің жалпы қоры 9 млн 76 мың теңге. Президент
сыйлығының лауреаттарына 3 млн, ал грант иегерлеріне 1 млн 538 мың теңгеден
берілді. Журналистер қауымы асыға күтетін бұл шара биыл 21-ші рет өтіп отыр.
Жайна
Сламбек, "Біздің уақыт" апталық-сараптамалық бағдарламасының
редакторы, Президент алғысының иегері:
Үлкен
саясаттан бастап, қоғамдағы күрделі мәселелерді бар қатпарымен, астарымен беру - оңай дүние емес, бірақ біздің журналистер, операторлар, шығармашылық топ өз
жұмысын өте жақсы көреді. "Біздің уақыт" біздің уақыттың тыныс-тіршілігін одан әрі де бар бояуымен береді деп ойлаймын. «Астана» арнасы қосулы
болсын дегім келеді.
Базаргүл ОТЫНШИЕВА