Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақстанда көз жұмған адамның азғасын трансплантациялау азайған - ҚР ДСМ

  • AstanaTV
  • 29 маусым 2017
  • 3399

Қазақстанда көз жұмған адамның азғасын трансплантациялау азайған. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінде өткен жиында "Республикалық трансплантация бойынша координациялық орталығы" директорының орынбасары Серік Жарықов айтты. 2015 жылы 22 мәйіт донор болса, өткен жылы 16, ал соңғы 6 айда тек 11 ағза трансплантацияланған. Мұндай үрдістің артуына бұқаралық ақпарат құралдарындағы келеңсіздік түрткі болған.

Серік Жарықов, "Республикалық трансплантация бойынша координациялық орталығы" директорының орынбасары:

2016 жылдан бері ақпарат көздерінде Қазақстанда ағза саудалайтын қара нарық бар деген теріс ақпараттың тарағаны баршаңызға мәлім. Осыдан кейін донорлық стационар орталықтарының басшылары көз жұмған донор келіп түссе, ауыз ашпайтын болған. Оларға пациенттің ағзасын алмай, өлгені жеңіл.

Ақ халаттылардың айтуынша, елімізде қазірдің өзінде 3,5 мыңнан астам адам органдарын ауыстыру бойынша күту парағына тіркелген.

Көбі, трансплантация кезегі келгенше шыдамай, көз жұмады. Осыны ескере отырып Денсаулық министрлігінің мамандары көпшілікті марқұмның донор болуын қолдауға шақырды.

Болат Баймаханов, А.Сызғанов атындағы хирургия ұлттық ғылыми орталығының төрағасы:

Егер бұлай жалғаса беретін болса, елімізде трансплантациялық бағдарлама тоқтап қалуы мүмкін. Мен ірі ғылыми орталықтың жетекшісі ретінде айтарым, мұндай жағдайда жұмыс істеу мүмкін емес. Сіздер дұрыс түсініңіздер, біз бұл қадамға өзіміз үшін емес, денсаулығы сыр беріп, трансплантацияны күте алмай, марқұм болып жатқан мыңдаған адамдарды құтқару үшін барамыз.