Air Astana компаниясы Астанадан Ұлан-Батырға маусымның 2-не жоспарлаған рейстің орындалмайтынын хабарлады. Себеп – Моңғолия өкіметі берген рұқсатын кері қайтарып алған. 2014 жылы екі мемлекет бір-біріне рейстер ашу туралы келісімге келген.
Air Astana Моңғолияның азаматтық авиация органдарының аудитінен сәтті өткен. Бірде-бір ескерту жасалмаған. 2016 жылдың наурызынан бастап ұшуға рұқсат берген. Алайда сәуір айында рұқсатын кері қайтарып алған. Себептерін өзгерте берген. Мысалы, моңғолдар біресе бірде-бір ескерту жасалмаған аудитті, біресе Азаматтық авиация жөніндегі Халықаралық ұйым -ИКАО-ң «қара тізімін» келтірген. Ал шын мәнінде Air Astana-ға халықаралық ұйым тарапынан ешқашан тыйым салынбаған.
Сөйтіп компания ыңғайсыз жағдай үшін өкінетінін, билет алып қойған жолаушыларға ақшасын қайтаратындарын хабарлады.
Тілек Әбдірахымов, «Air Astana» әуе компаниясының корпоративтік байланыс менеджері:
Билет алып қойғандардың нақты санын айта алмаймын, бірақ Моңғолияға біз арқылы барғысы келгендер транзиттік жолаушылар. Еуропа, Ресей қалаларының, Ыстамбұлдың тұрғындары.
Енді бұл мәселенің «тарихы» тереңде жатқанын айтсақ. Ресей өзінің аумағынан бұл рейсті жайдан-жай өткізбейтінін мәлімдеп, қазақстандық билік ресейлік әріптестерімен жарты жылдан астам уақыт келіссөздер жүргізген. Бірақ мәмілеге келе алмаған.
Көктемде ұлттық компанияның вице-президенті Белла Тормышева, «Ресейдің әуе транспорты федералды агенттігі әуе кеңістігін пайдалануға рұқсатты негізсіз бермеді»,- деген. Себебі Қазақстан мен Ресей арасындағы әуе байланыстары жөніндегі келісімге сәйкес, екі мемлекеттің тасымалдаушылары үшінші бір елге бір-бірінің территориясынан аялдама жасамай-ақ, баратын жерін келіспей-ақ ұша алады. Ал орыстар бірнеше талап қойған. Мысалы, әуе кеңістігінен 300-ақ км ұшу үшін роялти төлеуді, қарапайым айтқанда ақша төлеуді, сондай-ақ, біздің нарыққа Мәскеу-Астана, Мәскеу-Алматы бағыттарында ұшатын ресейлік тағы бір тасымалдаушыны енгізуді.
Үшінші бір елге біздің еліміздің аспаны арқылы ұшып
жүрген ресейлік авиакомпаниялардың ұшақтарына ешқашан, ешқандай кедергі
келтірілген емес. Олар біздің аумақтан біздің олардың территориясының үстінен
ұшқанға қарағанда 30 рет көп ұшады – аптасына 640 рейс. Қазақстан билігі былтыр
күзде банкрот болған «Трансаэроның» орнына «Аэрофлот» компаниясының ұшуына
рұқсатты бір сөткенің ішінде берген. Ал ондай рұқсатты ресейлік билік
қазақстандық әуе компанияларына кем дегенде 45 күнде беретінін сілтеме жасап
отырған, Тормышева айтты. Осындай «достық»...