Русский Сайттың толық нұсқасы

Әуежайлардың қызметі мемлекеттік реттеуден босатылады. Баға да еркін жүзбек...

  • AstanaTV
  • 21 мамыр 2016
  • 2165

Әуежайлардағы дәмханалар мен кофе ішетін орындардағы жүрек жалғайтын бутерброд, шәйдің бағасының «мәссаған» дегізетінін жолаушылар жақсы біледі. Әлеуметтік желілерде сарказмға толы жазбалалар мен фотодәйектер талай жарияланды да. Бір круассанның бағасы 1000 теңгеге жуық, мысалы. Ал өткен аптада Мәжіліс депутаты бір кесе шәй Астана әуежайында 450 теңге тұратынын айтып, монополияқа қарсы комитетке сауал тастаған. Алайда парадокс – тамақтандыру орындарының жұмсартып айтқанда «қомағай кафе» екендерін мүдделі комитет мойындайды, бірақ әуежайларды мемлекеттік реттеуден алып тастағалы жатыр. Яғни баға тіпті аспандай түседі деген сөз. Сөйтетінін - бутерброд пен шәй-кофи ғана емес, билет бағасының да өсетінін, ірі әуе компаниялар - Эйр Астана мен Қазақ эйр мәлімдеп те үлгерді. -Себебі әуежайлар көрсететін барлық қызмет қымбаттайды,- дейді авиакомпаниялар. Ұшақпен ұшу қазірдің өзінде көптің қалтасы көтеретін транспорт құралы емес...

Мәселенің ұңғыл-шұңғылына Азамат Алдоңғаров үңіліп көрді. 

Әуежай ішіндегі әуелеген бағалар туралы айтып, жазбаған адам кемде-кем. Оның ішінде тұрақты түрде әуе тасымалы қызметін пайдаланып шарасыз көніккендер бар, жиған-тергенін бір шашып шетелге шығамын деп, бір жұтым кофесі мен бір үзім бутербродына бір күндік табысын тастап, ұшақты «бекзаттардың транспорты» деп біржола беті қайтқандары бар. Жандос Құрманбаев, әуежай ішіндегі тамақтың «удай» бағасымен нәтижесіз күресіп жүрген қатардағы азаматтардың бірі. Оның әрбір саяхаты әлемжеліде жаңа пост, жаңа «жанайқай» бейнемен қатар жүреді.

Дыбыстық қыстырма: вы продаете жило за 650 тенге и называете это деликатесным блюдом?

Бұл Жандостың Алматы халықаралық әуежайындағы ең арзан асханадан алған тағамы. Қомағай бизнесмендермен күресуден шаршаған белсенді азамат үкіметтен үміт күтеді.

Жандос Құрманбаев:

Алматы әуежайында 5-6 сауда нүктесінің қожайыны бір-ақ адам болуы әбден мүмкін. Олардың атау мен форматы ғана әр-түрлі. Жекедара монополия құрып алған, ешкімнің сөзі өтпейді оған. Ал жолаушы сорлайды. Баға шарықтап тұр. Біз үкіметтен үміт күтеміз.

Өткен аптада үкіметтен араша сұрап, депутат Қазбекова да Астана әуежайында бір шыны аяқ шәйына төлеген 450 теңгесін «бұлдады».

Меруерт Қазбекова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Бүгінде әуежайда бір кесе шай 450 теңге тұрады. Жолаушыларда таңдау болған жағдайда ғана, сіздер бағаны реттемеуге құқылысыздар. Яғни, тағы басқа жеке әуежай жұмыс істесе. Көріп тұрғандай, дәмханалардың өзі бағаны өзара келісіп алып қояды. Ал жолаушылардың басқа баратын жері жоқ. Амалсыз жалғыз әуежайдың қызметіне жүгінеді.

Бірақ, «ол жерде нарық тәртібі орнаған» деген мемлекет, жеке бизнеске араласқысы жоқ. Ал қомағай бизнес қожайындарына көңілі толмаған азаматтардың өкпе-назы келер жылдан, жазған арыз-шағымдарынан кейін ғана құзырлы органның дәптеріне түртілмек. Ал бірінші шілдеден мемлекет әуежай қызметтерін реттеуді мүлдем тоқтатпақшы.

Серік Жұманғарин, ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу және бәскелестікті қорғау комитетінің төрағасы:

Әуежайлар қазір шамадан тыс реттеліп отыр. 13 қызмет мемлекеттік реттеуде, 4 қызмет табиғи монополия ретінде қадағаланады. Үкімет рұқсат берсе халықаралық қызметтерге өзгерістер енгіземіз. Нәтижесінде қосымша табыс табуға мүмкіндік туады. Әуежайлар соны сұрап отыр. 

Монополияға қарсы комитеттің біздің арнамызға берген жазбаша жауабында 2015 жыл қортындысы бойынша 6 әуежайдың шығынға батқаны, тоғызының пайдасы төмен екені тізілген. Тек Астана, Алматы және Атырау жемісті жұмыс істепті. Осыған байланысты енді әуежай ішіндегі тамақтану нүктелеріндегі бағаға іле-шала, әуе компанияларына көрсететін қызметтерінің құны да «еркін жүзуге» кетеді. Осылайша олардың техникалық базасы жаңарып, ИКАО талаптарын толық орындауға мол ақша түседі-мыс. Ал тасымалдаушылар өзгеріс енгізілмей тұрып-ақ, билеттердің бағасы шарықтайтынын ескертіп жатыр.

Тілек  Әбдірахымов, «Air Astana» әуе компаниясының корпоративтік байланыс менеджері:

Әуежай алымдары ішкі рейстер бойынша әуе компаниялары шығындарының жалпы құрылымында 11 пайызын құрайды. Ал халықаралық рейстермен есептегенде 16 пайызын құрайды.+ Әуежайлардың алымдары авиациялық отыннан кейін әуекомпанияларда шығыстың ең ірі екінші көзі болып табылады. Яғни бұл кем дегенде 10-20 пайызын құрайтын шығар. Сондықтан өзіңіз көріп тұрсыз, бұл елеулі қымбаттауға әкелуі мүмкін.

Әуе компаниялары онсыз да жолаушысы аз өңірлік әуежайлардың бағаны көтеруі, ұшушылардың санын одан бетер сиретіп, бизнесті құрдымға кетіреді деп мәлімдеді. Құзырлы комитет бұған жауап берген жоқ. Ал біз комитеттің тағы сол жазбаша жауабынан бақылаушы орган мен тасымалдаушының әуежай қызметтері шығындары жөніндегі есептері сәйкес келмейтінін көрдік. Тасымалдаушы әуежай қызметтері ішкі бағыттардың жалпы шығынының 11 пайызын құрайды десе, комитет 1-6 пайыз аралығында, халықаралық рейстерде тасымалдаушы 16 пайыз десе, комитет 6-13 пайыз деген дерек келтіреді.  Демек, әуежай-мемлекет-тасымалдаушы арасында тағы сол, диалог жоқ.

Айдар Әлібаев, экономист:

Біздің елде бәрі болуы мүмкін. Егер билік жолаушының жағына шықса қымбаттауға жол берілмейді. Ал егер де, әкімшілік тетіктерді дөп басатын әуежай иелерінің жетегінде кетсе, ол біздің қоғамда қалыпты құбылыс, онда тұтынушы ұтылады. Бұл бастамадан азаматтар да, әуе компаниялары да, логистика, туризм, бәрі-бәрі ұтылады. Табыстан шығын басым бойын деп тұр.

Монополияға қарсы комитеттің басшысы Жұманғариннің есебі түзу болып, мемлекет ұсынысты жөн деп таныған күннің өзінде, «қияли» бағаларымен тұтынушылардың жүйкесіне жұқартып отырған әуежайларға халықта сенім жоқ.

Жандос Құрманбаев:

Жеке менің өзімде, нақты Алматы әуежайының тұтынушыға жаны ашиды дегенге күмәнім бар. Себебі бүгінге дейін қарапайым қалта көтеретін, көңілге қонымды тамақ, қалаға қатынайтын такси бағасының мәселесі шешілмей отыр. Сондықтан мен мемлекеттік реттеуді алып тастауға қарсымын. Әуежайлардың техникалық проблемалары мемлекеттің есебінен шешілуі керек. Бұл елдің әлеуметтік маңызды стратегиялық нысаны, ұлттық активі. Оның проблемалары жолаушы есебінен шешілмеуі керек.

Әуежайлардың әкімшілік шығындары жолаушы мен тасымалдаушының қалтасынан жабылмауы керек деген пікірді отандық әуе компаниялар да ұстанады. Әлемдік тәжірибеде әуежай тарифтері қоғамдық ашық талқыға салынады. Себебі өркениетті әлемде ұшақ – адам таситын көлік құралы. Ал біздегі негізгі әуе компаниялары онсыз да удай бағаға билет сатады. Және парадокс – жолаушы көп мереке мен демалыс күндері бағаны тіпті көтеріп қояды. Астана мен Алматы арасына назар аударыңыз - эконом класста  26 мың мен 40 мың аралығында қатынайтын олар, әуежайлар қызметі реттеуден шығарылса, қымбат билеттерді тағы өсіретіндерін ескертіп үлгерді. Ендеше көп адам ұшаққа бала кезіндегідей қызығып қала бермек... 

Азамат Алдоңғаров, Ришат Асқарбекұлы, «Біздің уақыт».