Русский Сайттың толық нұсқасы

«Өзге пікір» айдары

  • AstanaTV
  • 21 мамыр 2016
  • 3198

Қазір Марат Ерназарұлы жүргізетін «Өзге пікір» айдары.

Ассалаумағалейкүм! Алматы су астында қалды. Екі айлық норманың жаңбырынан, бітеліп жатқан арықтар құтқара алмады. Бұл туралы кейінірек. Ал қазір...

 Ал қазір салықты салмақ көрген әншілер жайында. Эстрада жұлдыздарының салықтан жалтарғаны «қызық» болды. Той-томалақтардан миллиондар тауып жатса да, қазынаға көк тиындарын қимаған «ел еркелері». Мемлекеттік кіріс департаменті олардың жылдық табысын іскерлік басылымдардағы материалдарға сүйеніп, жариялады. Сөйтсек, салықтан қашқандардың көш басында Бүркіт жүр. Жылына 180 млн теңге тауып, ел қоржынына бір тиынын қимаған.

Асхат Тарғынов 172 млн теңге, Әлішер Кәрімов 135 миллион, Дильназ Ахмадиевада 108, Бақтияр Мамедов 90 млн теңге, Әли Оқапов  пен Серік Ибрагим 54 млн теңгеден және Жанар Дұғалова 45 млн теңге, осылай кете береді. "Алматыда жұлдыздардан жеке кәсіпкер ретінде тек екі адам тіркелген екен - әнші Қарынбаева Луиза (Луина) мен Мақпал Исабекова. Дегенмен олар жеке кәсіпкер ретінде салық төлемеген. Қалғандары не Алматыда, не басқа қалаларда  жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген. Біз олармен сөйлестік, олар ақпарат құралдарында жарияланған мәліметтермен келіспейтінін айтып отыр. Айтуларынша, ешқандай табыс таппайды. Ал Әнші Асхат Тарғынов тойлар мен мерекелік шараларда тегін ән орындайтынын жеткізді",- деді Алматы қаласының Мемлекеттік кірістер департаментінің өкілі Еділ Әзімшайық.

Аноним:

Енді сахнаға шыққан әншілерге мемлекет алдындағы салығыңды төле, деп айғайлайтын боламыз.

Аноним:

Құрметті депутаттар! Шоу-бизнесті заңмен реттеу керек. Бұл – экономиканың ең көлеңкелі тұсы. Зейнеткерлер мен мүгедектер бір қап кортоп өсірсе, содан салық төлейді. Ал біздің әртістер фонограммамен аузын бір-екі рет ашып, 2 % салық төлей алмай ма? Шоу-бизнес өкілдеріне салық төлемегені үшін, қылмыстық жауапкершілік қарастыру керек!

Аноним:

Фото және видео операторлары да салық төлемейді. Асабалар да солардың қатарында.

Аноним:

Енді салықшылардың тойы тегін, әрі керемет болып өтетін шығар...

Аноним:

Олар зейнетақы жинақтарын төлей ме? Әйтпесе ертең қартайғанда халықтың зейнетақы қорына жармасады.

Аноним:

Мынадай норма енгізу керек: Әнші концерт өткізер алдында, «салық бойынша қарызы жоқ» деген анықтама алсын. Сосын барып концерт өткізуге рұқсат берілсін.

Айтпақшы, өз еліндегі тым жоғары салыққа ашуланған француз актері Жерар Депардье Франциядан қашып, Ресей, одан кейін Бельгия жағалап кеткен. Депардьені өз елінен бездірген — табысы 1 млн еуродан асатындарға 75 пайыз салық төлетіп қоятын Францияның салық жүйесі болатын.

Ал, әшейінде «халқым, елім» дейтіндердің біздегі 3-5 пайыздық салықты төлемейтіндері, өздерінің фальш фонограммасын еске түсіреді...

Әншілер салықтан бастарын ала қашып жүргенде, осы аптада алматылықтар ...судан «қашты». Толассыз жауған жаңбыр, қаланы суға батырды. Есентай мен Қарғалы өзендері арнасынан асты. Жақын маңдағы жер үйлер қалқып кетті. Адамдар дүние-мүлкін тастап далаға қашты. Тұрмыстық техниканың бәрі дерлік жарамсыз болып қалды. Ал бітеліп жатқан арықтардан қайыр болмады.

 Есесіне Алматыда жаңа қызмет түрі пайда болды. Жүк тасығыш арба иелері аяғын сулағысы келмегендерді көшелерден арбаларға отырғызып өткізді. Жолдың бергі бетінен, арғы жағына 50,100 тіпті 200 теңгеге жеткізіп тастайды. 

Skyfall:

Әкім іспен айналыссын! Арықтарды тазалауға миллиондар бөлінетінін ұмытпаңыздар. 

Аndreym:

Алматыдағыдай арық жүйесі Қазақстанның өзге қалаларында жоқ. Бірақ сонда да жаңбыр сайын қала су астында қалады. Арықтар қоқыс жәшіктеріне айналды. Арықтарға қоқыс тастайтындарға 30 мың теңгеден айыппұл салу керек.

Uknow:

Бізде қар да, жаңбыр да «аяқ астынан» жауады. Бізге метеориттердің аяқ асты құлап жатпағаны қандай жақсы)

Аlberthepooh:

Жаңа арық жүйелері «менен кейін бірің өліп, бірің қал» деген оймен салынғандай. Бұл тек Алматының ғана емес, бүкіл елдің проблемасы. Бізді «менен кейін не болса, ол болсын» індеті жалмап барады. 

Кokovsky:

Алматыда қандай болса да арық бар ғой. Ал Астанада мүлдем ештеңе жоқ. Су көлкілдеп, көлдерге айналады. Көліктер жүре алмай, қирап жатады... Бала күтіміне төленетін төлемдерді қиды, зейнеткерлік жасын көтерді, медицина нөлде, жемқорлық жеп барады. Бәріне өзіміз кінәліміз.