Оралда құрылыс алаңында табылған тастанды баланың анасы анықталды. Ол еш жерде жұмыс істемейтін 21 жастағы жергілікті тұрғын болып шықты. Бұл жайында қалалық полиция өкілдері хабарлады. Олардың дерегінше, көкек ана 9 маусымда қалалық перзентханада босанған. Екі аптадан кейін ұлынан құтылмақ болады. Бірақ бөбектер үйін іздеп таба алмағасын, салынып бітпеген үйдің жертөлесіне тастап кетіпті. Енді оған 100 АЕК көлемінде айыппұл салынады немесе қоғамдық жұмыстарға жегіледі. Егер сәбиге зиян келсе, анасының 5 жылға дейін сотталуы да мүмкін еді, - дейді құқық қорғаушылар.
Гүламан Исмағұлова, Орал қалалық ІІБ ЖПҚ баспасөз қызметкері:
Облыс пен қала көлеміндегі осы уақыт мерзіміндегі дүниеге бала әкелген 800-ге жуық ана тексерілді. Тексеріс нәтижесінде сәбиін тастап кеткен ананың кім екені, барлық мекен-жайы, толық деректері табылды. Енді әрмен қарай бұл жас ананың тағдырын сот процесі шешетін болады.
Сәби қазір облыстық балалар ауруханасында. Оған дәрігерлер Әлижан деп ат қойыпты. Ақ халаттылар нәрестенің сыз жерде 4 сағаттай жатқанымен, денсаулығы қалыпты деп отыр. Ұйқысы тыныш, тәбеті жақсы, дейді. Тіпті ауруханаға келгесін, салмақ қосыпты.
Гүлсім Жұмағалиева, БҚО көпбейінді балалар ауруханасының емдеуші дәрігері:
Бала тоңған. Бізге келгенде
температурасы 36,3 болды. Ол жаңа туған нәрсетелерге переохлаждение саналады.
Менің ойымша, құрттай сәбилер өзін жақсы көрмегенін, өзін лақтырғанын сезеді.
Осы екі фактор балаға стресс болып қалған.