Русский Сайттың толық нұсқасы

Қостанай іргесіндегі шағын аудан тұрғындары жол азабын тартып отыр

  • AstanaTV
  • 30 маусым 2017
  • 3339

Қостанай-2 шағын ауданының тұрғындары 10 жылдан бері жол азабын тартып келеді. Қала іргесіне қоныс тепкен қалың бұқара, жаңбыр жауса, қара балшықтан аяқ ала алмай қаламыз, деп налиды. Әбден қиналған әлеумет шаһар билігіне шағымданып, жол салып беруін талап етіп отыр. Тұрғындардың мұң-мұқтажын тілшіміз Заңғар Санай тыңдап қайтты.

Заңғар Санай, тілші:

Шаһар шетіндегі шағын ауданда тұратындардың көбісі - ауылдан көшіп келгендер. Олардың алдыңғы легі 10 жыл бұрын қоныс тепкен. Жарықтың, судың, көгілдір отынның тауқыметін тартқан көпшілік, жол азабына келгенде тағатымыз таусылды деп отыр.

Алтыбай  Мырзағалиев, Қостанай-2 шағын ауданының тұрғыны:

Біз сол батпаққа әлі күнге дейін батып жатырмыз. Балаларымыз жазғытұрым суға да түсіп кетеді. Көлікпен келіп мына жерге тұрып қаламыз. Бірнеше рет қалалық әкімдікке, облыстық әкімдікке бардым. Ойбай, көке, істейміз, дұрыстаймыз дегеніне мінекей 3 жыл өтті.

Қала іргесіндегі тек Қайнар көшесінде 50-ден астам баспана бар. Тұрғындардың дені қарттар. Жаңбырлы күндері автобус пен жедел жәрдем көлігі, тіпті такси жүргізушілері де бұл жаққа келмейтін көрінеді.

Бақыт Мұртазина,  Қостанай -2 шағын ауданының тұрғыны:

Немерем бар. Далаға шығармаймын, үйге қамап қоямын. Батпаққа түсіп кетеді. Киімін жуып үлгермеймін.

Тұрғындардың айтуынша, қала билігі бұл көшелерге жол салынып, коммуникация толық  тартылды деп есеп берген. Қағаз жүзінде атқарылған шаруаны енді іс жүзінде жүзеге асырсын, - дейді олар. Бір қызығы, біздің түсірілім топ барғаннан кейін, кедір-бұдыр көше жолы тегістеліп, қиыршық тас төселе басталды. Алайда, жол жөндеушілер жуықта асфальт салмайтындарын айтты.

Артур Оваян, «Танар» ЖК директорының орынбасары:

Жоспар бойынша бұл көше 15 сантиметр тереңдікте тегістеліп, сосын қиыршық  тас төгілу керек.

Мән-жайды білмек болып атқамінерлерге, нақтырақ айтсақ, тұрғын үй және коммуналды шаруашылық бөліміне хабарласқан едік. Алайда, екі апта бұрын жолданған сауалға жауап болмады. Заң бойынша 3 күнде жауап беру керек екенін ескерсек, атқамінерлер заңды белден басып отыр деуге болады. Алдағы уақытта мұндай шенеуніктер жұмыстан қуылуы мүмкін. Ақпарат және коммуникация министрі осындай өзгеріс енгізілген заң жобасын мәжіліске ұсынды.

Заңғар САНАЙ