Русский Сайттың толық нұсқасы

Өскемендік дәрігерлер дауылдан зардап шеккен зейнеткердің өмірі үшін күресуде

  • AstanaTV
  • 18 шілде 2017
  • 3286

Өскемендік дәрігерлер дауылдан зардап шеккен 81 жастағы Шерияздан Исановтың өмірі үшін күресуде. Шұғыл ота жасалған қария аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр. Кешегі жойқын дауылда ақсақалдың үстіне шатыр құлаған. Дәрігерлердің айтуынша, науқастың қабырғалары сынып, ашық жарақат алған, жағдайы ауыр деп бағаланып отыр. Зейнеткердің туыстары әлеуметтік желі арқылы бұқараны қан тапсыруға шақыруда.

Бұл Қалбатау ауылындағы көрініс. Кадрларды куәгерлер ұялы телефонға түсірген. Жылдамдығы секундына 30 метрге жеткен дауыл бетон конструкцияларын қопарып, ағаштарды тамырымен жұлды. Бірқатар үйлердің шатыры ұшқан. Төтеншеліктердің ақпарынша, облыс бойынша 35 ғимарат бүлінген. 112 пультіне жүзден астам қоңырау түскен. Түрлі жарақат алған 5 адамға жедел жәрдем көрсетілді. 3 мыңға жуық абонент жарықсыз қалған. Коммуналдық қызмет өкілдері түні бойы табиғи апаттың салдарын жоюмен айналысты. Қазір  басым бөлігі қалыпқа келтірілді. Тұрғындар төтенше жағдай туралы СМС хабарлама болмағанын айтады. Ал  мамандар, хабарлау жүйесі арқылы дауыл туралы ақпаратты дер кезінде жарияладық, деп отыр.

Анастасия Скляр, ШҚО ТЖД баспасөз хатшысы:

Қазгидрометтің берген ақпарына сәйкес, жексенбі күні түстен кейін мобильдік қосымша және ресми сайт арқылы дүйсенбіде желдің екпіні секундына 20 метр болады деген ақпарат жарияладық. Дауылдың арты бұршақ пен қатты нөсерге ұласуы мүмкін деген сипатта.