Алматыда
Қазақ ұлттық аграрлық университетінің 1-курс студенті Дидар Болысбекті өлтірді
деп айыпталған Тойшыбек Асамов 8 жылға сотталды. №2 Бостандық аудандық сотының
судьясы Арай Нұғыманова бір айға созылған іске қатысты үкім шығарды. Айыпталушы
Қылмыстық кодекстің "адам денсаулығына қасақана ауыр нұқсан келтіру"
және "күшпен мүлкін тартып алу" баптары бойынша жазаға тартылды.
Сондай-ақ оның барлық мүлкін тәркілеу
туралы шешім оқылды. Алайда, сотталушы Тойшыбек Асамовтың анасы сот үкімімен
келіспейтінін айтты.
Арай
Нұғыманова, №2 Бостандық аудандық сотының судьясы:
Асамов Тойшыбек Хайруллаевич ҚР Қылмыстық кодексінің 194 бабының 2 бөлігі бірінші тармағымен, 106 бабының 3 бөлігімен кінәлі деп танып, оған ҚР Қылмыстық кодексінің 194 бабының 2 бөлігі, 1-ші тармағымен мүлкі тәркіленіп, 4 жыл 6 ай мерзімде бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. ҚР Қылмыстық кодексінің 106 бабы 3 бөлігімен 8 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Жазасын қылмыстық атқару жүйесінің қауіпсіз мекемесінде өтеу белгіленсін.
Саламат Асамова, сотталушы Т. Асамовтың анасы:
Өтіріктен
құралған ақиқат болды, бұл. Мен категорически қарсымын. Мен до конца барамын.
Ешқайдан қайтпаймын. Верховный сотқа барамын. Бұл судьяның да,
тергеушінің де жауапқа тартылуын сұраймын. Барлығын талап етемін. Осы жеті
баланы әкеп, менің баламның орнына отырғызған күнді Құдай көретін қылсын.
Айта
кетейік, қайғылы оқиға биыл 12 сәуірде Ұлттық аграрлық университеттің
жатақханасында болған еді. Бірінші және екінші курста оқитын онға жуық студент
төбелесіп, салдарынан 17 жастағы Дидар Болысбек қаза тапқан. Кейінірек
полицейлер күдікті ретінде оқу орнының 2
курсында оқитын 2 студентті ұстады. Алайда олардың тек біреуі, яғни Тойшыбек
Асамов қана, сот алдында жауап берді.