Русский Сайттың толық нұсқасы

Астана келіссөздерінің қорытындысы қандай?

  • AstanaTV
  • 05 шілде 2017
  • 2590

Сирия мәселесі бойынша Астанада өтіп жатқан келіссөздердің екінші күні мәреге жетті. Сыртқы істер министрі таратқан ақпарға сай, жиынға сириялық оппозиция өкілдері де келген. Мамандар «Астанадағы отырыс тіпті Женева келіссөздерінен де тиімді» деген баға берді. Әріптесім Дәуренбек Бақдәулет күрделі мәселеде қозғалған тақырыптар легін тарқатып берсін.

Дәуренбек Бақдәулет, тілші:

Астана процесінің екінші күні айтарлықтай нәтиже әкелді деуге негіз бар сияқты. СІМ баспасөз өкілі Әнуар Жайнақовтың сөзінше, дәл қазір Ресеймен Түркия арасында келіссөздер өтіп жатыр. Тараптар Сирияның шекараға жақын аумақтары мен қақтығыстар азайған мекендер жайын тілге тиек еткен. 

Ал Ресей делегациясының басшысы Александр Лаврентьев өз сұқбатында Сирияда қақтығыс азайған екінші және үшінші аймақтарды анықтауға мүмкіндік туғанын айтты.  Елдің оңтүстік өңірлерінде Идлибке қатысты кейбір түсініксіз жәйттер әлі де сақталған, осыған қарамастан тараптар істің оңға басарынан үмітті дейді ол. Қазір қауіпсіз аймақтарға Ресейдің әскери полициясы барады деген ақпар тарады. Келіссөзге кепіл мемлекеттермен қатар, Йордания, АҚШ, ресми Дамаск және Сирия оппозициясының өкілдері қатысып жатыр. 

Әнуар Жайнақов, ҚР СІМ баспасөз хатшысы:

Кездесуде барлық тараптар, соның ішінде Сирияның қарулы оппозиция өкілдері де қатысуда. Қатысушылар арасында екі жақты кездесулер өтіп жатыр. Олардың негізгі тақырыбы - қауіпсіз аймақтардың шекарасын белгілеу.

Кешегі үкімет отырысында СІМ Қайрат Әбдірахманов тараптар қақтығыс азайған аймақтардағы бақылауды пысықтамақ ниетте екенін айтқан. Мұнымен қатар гуманитарлық көмекті жеткізу мен инфрақұрылымды қалыпқа келтіру жағдайы сөз болады деген жорамал бар-тын.  

Қайрат Әбдірахманов, ҚР Сыртқы істер министрі:

Астана процесі, бұрын да бірнеше рет айтқанымыздай, Женевада өтіп жатқан Сириядағы жағдайды тұрақты ету және Сирия болашағына арналған келіссөздерге қосымша процесс болып табылады. 

Дәуренбек Бақдәулет, тілші:

Астана процесі, Женева келіссөздерімен салыстырғанда, әлдеқайда тиімді деген пікір де жоқ емес. Бұл туралы Сирияның ұлттық келісімге келу министрі Али Хайдар Ресей БАҚ өкілдеріне берген сұқбатында айтқан. Оның пікірінше, Астана келіссөздер алаңында нақты нәтижеге қол жетіп отыр. Еске салайық, Сирия қақтығыстарын реттеу мақсатында Женевада 6 кездесу өткен. Ал, Астанада келіссөздердің 5-ші кезеңі өтіп жатыр.