Русский Сайттың толық нұсқасы

Қызылжарда жазғы лагерь билеттерінің құны қымбаттауы мүмкін

  • AstanaTV
  • 05 шілде 2017
  • 2425

Қызылжарда жазғы лагерь билеттерінің құны қымбаттауы мүмкін. Балаларға арналған 7 демалыс орны жекешелендіру бағдарламасына сай сатылымға шығарылған. Жекенің қолына өтетін тынығу мекемелері шығынға батпау үшін билет бағасын көтеру керек, деп санайды лагерь қызметкерлері. Себебі осыған дейін олар жергілікті бюджеттен қаржыландырылып келген.

Абзал Құрманкин, тілші:

Лагерлерді тендерге шығару науқаны сәуір айында басталған. Алайда, оларды иемденуге жұрт жүрексініп жатқан сыңайлы. Сатылымға қойылған 7 лагердің әзірге біреуі ғана жекенің қолына өткен. Ал қалғандарының әлі күнге дейін жаңа иесі табылмай отыр.

Мамлют ауданындағы «Искра» жазғы демалыс орны былтыр күрделі жөндеуден өткен. Маусымнан тамыз айына дейін жұмыс істейтін тынығу мекемесінде қазір 90 бала демалып жатыр.

Әлішер Балағанов, мектеп оқушысы:

Мен осы лагерге 3 жыл қатарынан келіп отырмын. Табиғаты өте көрікті. Балаларға барлық жағдай жасалған. Әрдайым әртүрлі шаралар өтеді. Осы лагерге келгеніме өте қуаныштымын.

Лагерде тынығып жатқан балалардың басым бөлігі әлеуметтік аз қамтылған отбасыдан шыққан. Олардың демалысын мемлекет өз мойнына алып отыр. Құрылыс жұмыстарына кеткен шығынды есептемегенде, демалыс орнына аудандық әкімдіктен жыл сайын 17 миллион теңге бөлінеді. Осы қаржыға азық-түлік сатып алынып, қызметкерлердің жалақысы төленіп келген. Лагерь жекенің қолына өтсе, оның тауып жатқан қаржысы аздық етеді, - дейді мекеме директоры.

Андрей Токарев, «Искра» лагерінің директоры:

Қазір жолдаманың құны 14 мың теңге. Біз лагердің бүкіл шығынын есептеп, бағаны 32 мың теңгеге дейін көтеру керек деген шешімге келдік. Қатарынан екі рет өткен байқауға ешкім қатысқан жоқ. Үшіншісінде 2 адам ниет білдіріп отыр деп естідік. Кәсіпкерлер келсе, мекеменің қалай жұмыс істейтіні әзірге белгісіз.

Тынығу мекемелері жекешелендірілсе де, қызмет түрі өзгермейді, деп сендіреді билік өкілдері. Лагерлер сатылмай, тек 10 жылға жалға беріледі екен. Ал жалдау құны 30 мыңнан 500 мың теңгеге дейін деп бағаланып отыр.

Алма Нұрғалиева, СҚО Қызылжар ауданы білім беру бөлімі басшысының орынбасары:

Кәсіпкерге қойылатын негізгі талап - лагердің инфрақұрылымын сақтау мен балалардың тынығуын қамтамасыз ету. Біз бұл талаптардың орындалуын әрдайым қадағалап отырамыз. Қазір мекеменің жағдайы жаман емес. Былтыр бірнеше корпусы күрделі жөндеуден өтті.

Абзал Құрманкин, тілші:

Лагерлердің жаңа иесі табылмайынша, электронды байқау жалғаса бермек. Кей аудандарда ынталы кәсіпкерлер жоқтың қасы болса, Петропавлда бір бизнесменнің бірден 3 демалыс орнын жалға алатын ойы бар. Тендер жақын арада іске асырылмақ.