Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматыдағы саяхат компаниялары ЭКСПО-ға туристер тартуға ат салысып жатыр

  • AstanaTV
  • 05 шілде 2017
  • 2302

Аймақтардағы туркомпаниялар да ЭКСПО-2017 көрмесіне шетелдік қонақтар әкелуге мүдделі. Әсіресе Қытай туристерінің қызығушылығы жоғары. Бірақ алып қалалардағы қонақ үйлер мен туристерге қызмет көрсететін орындарда баға қымбат. Десе де өткен бір айда ЭКСПО көрмесін көруге келген ішкі және сыртқы туристердің көрсеткіші жаман емес. Олардың саны 400 мың адамға жетті деген ақпар тарағаны белгілі. Ал сарапшылар сандық көрсеткіштерді қуалағанша, келген әрбір туристке сапалы қызмет көрсетуді ойластыру қажет дейді.

Алматы-Бейжің сауда-экономикалық қатынасы аясында қытайлық делегация еліміздің бірнеше аймағын аралап көрді. Олар тауар айналымынан бөлек екі жақты қарым-қатынасты дамыту үшін туризм бағытындағы біріккен жобаларға инвестиция салуға мүдделі. Аспан асты елі мамандары ЭКСПО-ға туристер тарту арқылы, өзге өңірлердегі туристік нысандарға қызығушылық тудыруға болатынын айтады.  

Жау Гуаң Үау, Бейжің қаласы туризмді дамыту комитетінің басшысы:

ЭКСПО-ға келген туристерді Астанамен шектемей, табиғаты тамылжыған өзге аймақтарды аралату керек. Ол еліне барғанда отандастарының Қазақстанға деген қызығушылығын оятады. Біз де мұндағы туроператорлармен бірігіп жұмыс істеуге әзірміз. Нақты туристік бағыт ретінде Бұрабай, Алакөл, Қапшағай мен Түркістанның перспективалары жоғары.

Туристік фирма жетекшісі Жұпархан Жүйрікбаева қытайлық әріптестерінің ұсынысын қабылдауға дайын. Арқа төрінде өтіп жатқан айтулы шараны көруге ішкі туристік бағыттарға сұраныс өте жоғары, дейді. Ал қытайлық турагенттіктер жүздеген турпакеттерді алдын ала сатып алған. Бірақ Астанада уақытша баспана мен қонақ үй құны қымбаттап кеткен, дейді.

Жұпархан Жүйрікбаева, туристік фирманың директоры:

Қазір енді «Цирк дю Солейге»  20 шілдеге дейін билет жоқ. Сатылып кетті, орын жоқ. 1 билет, 2 билет орын бос қалғаны бар, басқалай жоқ.  Басқа кезде, мысалы үшін, шетелдік туристер немесе кәдімгі туристер, алматылықтар бізге көп келеді екен деп, Астананың қонақ үйлері бағасын қатты шарықтатып жібергені рас.

Германиядан арнайы келген Астрид Брауэр ЭКСПО көрмесін аралап жүр. Оған әсіресе Азия елдері ұсынған жаңалықтар мен тақырыптық павильондарды көру маңызды. Баламалы энергетика маманы ретінде дамушы елдердің өнертабысы қызық, дейді. Алдағы күндері Қазақстанның өзге жерлерін де аралап көрмек.

Астрид Брауэр, турист:

Қазақстанға 2 апталық жолдамамен келдік. ЭКСПО қалашағын аралап, Астананы қызықтадық. Ертең Шымкентке жол тартамыз. Сосын Алматыға барамыз. Табиғаты жақсы жерлерді көргіміз келеді.

Есенжол Әлияров, сарапшы:

Тақырыптық ЭКСПО-ны өткізу - табыс табуға алып келетін іс-шара емес. Ол елді танытатын, имидждік жобалардың бірі болып табылады.

Туризм нарығын бақылаған сарапшылар ЭКСПО көрмесіне келгендердің дені отандастарымыз екенін айтады. Астрид сияқты батыс елдерінен келетін туристер көп емес. Есесіне қытайлықтардың үлесі жоғары. Геосаяси жағдайды ескерсек, бұл қалыпты жағдай. ЭКСПО әкімшілігінің ресми сайтындағы ақпарға сай, ЭКСПО алаңына өткен бір айда 400 мың адам келіп кеткен.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ, Айбек ҚОСАН