Русский Сайттың толық нұсқасы

Оңтүстік Кореяда қазақстандық заңсыз мигранттар қатары көбейген

  • AstanaTV
  • 12 шілде 2017
  • 5597

Оңтүстік Кореяда қазақстаннан барған заңсыз мигранттар көбейіп кеткен. Бүгінде олардың саны бес мыңға жуықтады. Үш жыл бұрын екі ел арасында визасыз байланыс орнаған. Міне содан бері мигранттардың саны 15 есеге артыпты. Сыртқы істер министрлігі осы мәселеге алаңдаушылық танытуда. Бүгін ведомство заңсыз мигранттар тақырыбын қамтыған басқосу өткізді. Арнайы брифингке Қазақстандағы Корея елшісі де қатысты. Мәліметтерге қарағанда, мигранттардың жас шамасы 18 бен 40 жас аралығында. Көбісі Оңтүстік Корея еліне  жұмыс іздеп барған. Қазақстанда екі қолға бір күрек таппағандықтан, пайдаға кенелуді ойлап шекара асады екен.

Айтжан Айдашев, ҚР СІМ консулдық қызметі департаменті, Азия басқармасының бастығы:

Көбісі Қазақстанның қазақтары. Бірақ Оңтүстік Қазақстандағы өзбек ұлтының, ұйғыр ұлтының өкілдері де барып жатыр. Бұлар өзара байланысып, ортадан ақша табатын адамдар өздері іздеп тауып, жұмыссыз жүргендерді алып кетіп, айтқанынан екі есе төмен болса да барған соң, шыға алмай, амалсыз істеп жатқандар бар.

Осы орайда Корея мемлекеті бөтен елден келгендер үшін талаптарды барынша күшейтуге ниетті. Медициналық, туристік және іскерлік мақсаттағы сапарға шыққан адамдардан арнайы анықтама талап етіле бастайды. Тиісті құжатын көрсете алмағандар, кері қайтарылады. Ал, қазіргі күні сол жақта жүрген 5 мыңдай мигрантқа ірі көлемде айыппұл салынып, елге депортация жасалады.