Русский Сайттың толық нұсқасы

"Интергаз Орталық Азия" компаниясы жастар слетін ұйымдастырды

  • AstanaTV
  • 11 шілде 2017
  • 3072

Газ саласында еңбек ететін жастар жаңашылдық пен тың идеялары арқылы таныла бастады. «Интергаз Орталық Азия» компаниясы ұйымдастырған алғашқы жастар слетінде болашағынан үміт күттіретін жүздеген талантты жастар бас қосып, саланы дамытуға қатысты пікір алмасты. Бұл шара ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне де орайластырылған. 

"Компанияны дамытудағы жастардың ролі". Астанада өткен газ саласы өкілдерінің тұңғыш слеті осындай тақырыпты қамтыды. Іс-шараға "Интергаз Орталық Азия" компаниясының аймақтардағы филиалдарынан 100-ден астам қызметкер жиналды. Барлығы да күрделі салада еңбек жолын бастаған жас мамандар.

Солардың бірі - алматылық Маржан Бегешова. Ол "әріптестеріммен өзара пікір алмасып, тәжірибемен бөлісудің көптеген тиімді тұстары бар" дейді.

Маржан Бегешова, Алматы магистральді газ құбырлары басқармасының еңбекті қорғау инженері:

Біздің жаңа жобаларымызды талқылауға мүмкіндік бергені үшін компанияның басшылығына алғыс айтамыз және бұл жиынның ЭКСПО аясында ұйымдастырылғаны жобаның ауқымдылығын көруге мүмкіндік берді. "Орталық Азия центр" магистральды құбырларындағы әріптестерімізді 50 жылдық метрейтойымен және "Интергаз Орталық Азиядағы" әріптестерімізді 20 жылдық мерекемен құттықтаймын. 

Слетке қатысушыларды қарсы алған "Интергаз Орталық Азия" компаниясы басшысының орынбасары Мұқатай Шаңбатыров  "жастарды барлық жұмыстарға белсенді тарту" тұрғысындағы ойымен бөлісті. Жалпы бұл жиынның басты ерекшелігі - әртүрлі форматтағы көпсатылы бағдарламаны қамтыған. Бірнеше бағыттың арасында сарапшылардың қатысуымен семинар-тренингтер өткізу, өндірісті жақсарту мен компанияның экономикалық тиімділігін арттыру ісі де бар.

Мұқатай Шаңбатыров, "Интергаз Орталық Азия" АҚ бас директорының бірінші орынбасары:

Жасыл экономика дейміз ғой, мұнда да жастардың ойланатын мәселесі көп, дәстүрлі мұнай мен газдан басқа да баламалы күн, жел, су энергиялары бар, солар бойынша да жастардың нестандартный ойлары көп қой, соларды тыңдасақ дедік, мүмкіндік жасадық.

Мұндай слеттерді болашақта дәстүрлі өткізіп тұру жоспарланған. Онда жастардың инновациялық бағыттағы ой-пікірлерін ескеру маңызды роль атқармақ. Сондай-ақ қоғам алдындағы ғылыми және шығармашылық әлеуетін арттыру да назардан тыс қалмайды. Слет шеңберінде компания басшылары мен жастардың ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне арналған тақырыптық кездесулері өткізіледі. Осылайша газ тасымалы саласы мамандарының өнертапқыштық бағыттағы ой-өрісін жандандыру көзделген.