Русский Сайттың толық нұсқасы

Қызылордада оқу орталығының маманы қазақ тілінде мультфильмдер шығаруды қолға алды

  • AstanaTV
  • 13 шілде 2017
  • 5105

Қызылордалық балғындар қазақша сауатты әрі таза сөйлеуді мультфильм кейіпкерінен үйреніп жүр. Олар кішкентай Сарамен бірге кедергілер мен қиындықтарды жеңуге дағдыланады. Қоршаған ортаны таниды. Ана тілімізді дамытуды мақсат еткен мультфильмдердің авторы Сымбат Абдрахманова бүлдіршіндердің тілін дамытуды басты назарға алған.

Әйгілі Спанч Боб, Пеппа торай, Буба мен Маша енді бұл отбасының сүйікті персонаждары емес. Олардың орнын қазақша сайрап тұрған Сара атты сымбатты қыз басты. Бір ай ішінде кішкентай бүлдіршіндердің жүрегін жаулап алған кейіпкер көрермендерімен бірге түрлі оқиғаларды бастан кешіреді. Жергілікті мультфильм ата-аналардың да көңілінен шыққан.

Сырға Жүнісова, Қызылорда қаласының тұрғыны:

Нағыз өзімізге керек мультфильмдерді іздестіріп отырып, осы Сымбаттың шығарған мультфильмі бізге қатты ұнады. Әріптердің айтылуына сөйлеген кезде, сосын балалардын жақсы тілінің шығып, еркін сөйлеуіне өте жақсы бізге көмектесті. Нағыз тілдің дамуына нағыз керекті мультфильм екен. Көбірек түсірілсе дейміз.

Әуелі мүмкіндігі шектеулі балаларға жәрдемдесу туралы ой пайда болды. Осының жетегінде тың идея дүниеге келді,- дейді мультфильм авторы Сымбат Абдрахманова. Жұмысы тікелей балалармен байланысты болған соң, қандай да бір көмек болсын деген ниетпен бірнеше жобаны қолға алған. Ақырында мультфильм форматына тоқталыпты.

Сымбат Абдрахманова, облыстық білім беру басқармасы оқу орталығының бөлім басшысы:

Балаларға қазіргі таңда р,с,л деген дыбыстарды айту қиын. Сол дыбыстарды үйреніп, жақсылап айтсын деп, осы мультфилмдерді дайындадым. Мультфильмде негізінен артикулляциялық жаттығулар, одан бөлек қабылдауға арналған, ойды жеткізіп айтуға арналған өз ойын, есте сақтау қабілетін дамытуға арналған жаттығулар бар. Кейіпкер қиындыққа түседі, соған көмектесу үшін бала әр сатыда кедергілерден өтіп отырады, жаттығулар жасау арқылы.

Сара туралы хикаялардың алғашқы көрермені - Сымбаттын үш баласы. Солардың эмоциялары мен пікірлеріне қарап, түзетулер жасап отырамын, - дейді автордың өзі. Дыбыс жағынан жолдастары көмектеседі. Ерекше әдістемелік құрал Абай атындағы ұлттық университеттің дефектология кафедрасында жоғары баға алған. Бүгінде бас аяғы 9 сериядан тұратын екі мультфильм жарыққа шықты. Алғашқысы 5, екіншісі 4 серия.  Туындылардың авторы Сымбат аниматорлық дүниесін ары қарай жетілдіріп, үлкен экранға  шығаруды армандайды.

Шарипа САҚТАПОВА