Русский Сайттың толық нұсқасы

Атырау облысында "Нұрлы Жер" бағдарламасы қарқынды түрде іске асырылып жатыр

  • AstanaTV
  • 14 шілде 2017
  • 3119

Атырау облысының тұрғындары үшін баспана қол жетімді бола түспек. Мұндай мүмкіндікке  "Нұрлы жер" бағдарламасының арқасында қол жетуі мүмкін. Бағдарлама жеңілдетілген пайызбен ипотекалық несие ұсынады. Бұған дейін хабарлағанымыздай,  оған еліміздің кез-келген азаматы қатыса алады. Әрі үміткердің баспанасының бар немесе жоқ екені де кедергі емес.

Соңғы екі жылда ипотекалық несие рәсімдеу қиындағаны рас. Тіпті үстемақы мөлшерлемесі 17% несиені де банктер бермей қойды. Ал «Нұрлы жер» бағдарламасының арқасында сең бұзылды. Кез-келген тұрғын 10 пайызбен ипотекалық несие рәсімдей алады. Сыйыақы мөлшерлемесінің 6-7% мемлекет қаржыландырады. Банктер бұл үшін комиссия алмайды. Осылайша несие рәсімдегендердің ай сайын төлейтін сомасы 30-40% төмендейді.

Мәлік Аманов, Атырау облыстық құрылыс басқармасының басшысы:

"Нұрлы жер" бағдарламасы арқылы тұрғындар 10% ипотека ала алады. Мұндай жеңілдіктер бұған дейін елімізде болмаған. Салыстырмалы түрде алғанда пайызы да біраз төмен. Бұл коммерциялық тұрғыда болғанымен, қолжетімді әрі сапалы баспана қол жеткізе алады.

Атырау облысында әлеуметтік жағдайы нашар азаматтар үшін «Нұрлы жер» бағдарламасымен көпқабатты 37 үйдің құрылысы қолға алынды. Мамандар жыл соңына дейін барлығы 135 мың шаршы метр пәтер пайдалануға берілетінін жеткізді.

Серік Ерментаев, Атырау облыстық өңірлік коммуникациялар қызметінің басшысы:

Енді баспана алу үшін кезекке тұрудың қажеті жоқ. Өтініш білдірушінің атында үй болса да, ештеме етпейді. Әрі бұл бағдарламаға кез келген азамат қатыса алады.

«Нұрлы Жер» бағдарламасы құрылыс компаниялары үшін де тиімді. Өйткені бағдарлама бойынша оларға дотациялар қарастырылған. Қолдау қаржы "Даму" қоры арқылы 7% беріледі. Банктер қазір құрылыс бизнесін несиелеуге өтініштер қабылдай бастады. Жуық арада облыстық әкімдікте жаңа жобалар талқыланып, бекітілетін болады.

Алия ЖАМИТОВА