Русский Сайттың толық нұсқасы

Жамбылда шомылу маусымы басталғалы 30 адам суға кеткен

  • AstanaTV
  • 28 шілде 2017
  • 2602

Жамбылда шомылу маусымы басталғалы 30 адам суға кеткен. Оның 19-ы - бала. Қазір өңірде 43 градус ыстық. Аптап ыстықта салқындағысы келгендердің көбі жабайы жағажайларға түскендер. Ал Төтенше жағдайлар комитеті ел бойынша қайғылы статистиканы жариялады. Оңтүстікте ыстықтан естері шығып, дәрігер шақыртқандар да аз емес. Данияр Әлімқұл тақырыпты толықтырады.

Аймақта ыстық ауа райы бірнеше күннен бері сақталып тұр. Басынан күн өтіп, қан қысымы көбейгендер көп. Дәрігерлер шақыртудың көбейгенін айтып отыр.

Ұлбосын Тутешова, Жамбыл облыстық медициналық жедел жәрдем стансасының дәрігер-консультанты:

Бұрынғыға қарағанда шақырулар көбейіп жатыр. Тәулік бойынша 900-ден кем болмайды. Өткен тәулікте 1000-нан көп шақырулар болды. Осы айдың ішінде 23 шақыртулар болды. Соның ішінде 6-ы ауруханаға жеткізілген, оның біреуі кішкентай бала күннің әсерінен болған. 5-уі күннің сәулесінен күйік болып түсіп жатыр.

Данияр Әлімқұл, тілші:

Қазір Жамбылдағы қайнаған ыстық пен қапырықтан қашып құтылмайсыз.  Алайда, адамдар шіліңгір шілде шыдатпағандықтан  суға түсіп сергитіні сөзсіз.  Осындайда,  оқыс оқиғалар көптеп тіркеледі. Жалпы, Жамбыл жеріндегі 100-ге жуық өзен-көлдерде шомылуға тиым салынған.  Облыста құтқару қызметі қатаң бақылайтын тек 3 қана көл бар. Соның бірі осы Тараздағы Зербұлақ. Мұнда құтқару жасағы сәт сайын осылай жағажайларды шолып жүреді.

Бірақ суға шомылып салқындағысы келгендердің барлығы жағажайда жүрмейді. Жабайы жағажайларда талай тағдыр қиылған.

Арман Смайылов, Жамбыл облысы ТЖД бөлімнің бас маманы:

Облыс аумағында 27 қайғылы оқиға тіркелді, одан 30 адам қаза болды. Оның ішінде 19-ы балалар. Шомылу кезінде біздің құтқарушылар батып бара жатқан болмаса, тұншығып жатқан адамдарды шығару оқиғасы ол 400-ден асады.

Ал, былтыр 33 адам суға кеткен. Оның 21-і бала. Ал құтқарушылар берген дерек 1 жылдық қазаға жете-қабыл. Ел бойынша жарияланған статистика да қайғылы.

Руслан Иманқұлов, ҚР ІІМ ТЖК ресми өкілі:

Суға шомылу маусымы 1-ші маусымнан басталғаннан бастап 196 адам суға кетті, оның 72 юала. 296 адам құтқарылды, оның 60-ы бала. Негізгі себеп жабдықталмаған орындарда шомылу, балларды қараусыз қалдыру, жүзу білмеу және мүмкіндігін жете бағаламау. Мас күйінде шомылу болып табылады.

Жұрт соңғы уақытта бір-біріне көмектесуден қалған дейді Сансызбай Мұқанов. 80-ге жақындаған ағасы Астанада 15 жасар баланың суға кеткеніне куәгер болыпты. Жастар баланы құтқаруға талпынбаған деп қынжылады.

Сансызбай Мұқанов, Астана қаласының тұрғыны:

Құтқарушылар келеді, судан шығарып алады деп күтеді. Олар келген қанша екенін білмейм бір 30 минуттан соң асықпай киімін киеді, сосын не бары 2 минутта мәйітті алып шығады. Мәйітті, өлікті алып шықты. Ол мәйітті емес, тірі кезінде алу керек еді. Ол өлікті емес, тірі кезінде құтқару керек. Мен болсам, сонда қайта-қайта сүңгіп тауып алар ем, жарты минут су асында жүре аламыз. Бірақ онда ешкім ондай қимыл жасамаған, ешкім.

Қазір елде 50 мыңға жуық шомылуға рұқсат етілген жер бар. Бірақ олардың барлығында құтқарушы жоқ. Төтенше жағдайлар комитеті мамандар жетіспейді дейді.

Данияр ӘЛІМҚҰЛ