Русский Сайттың толық нұсқасы

Қызылжарда төтенше жағдай тәртібі тоқтатылды

  • AstanaTV
  • 17 шілде 2017
  • 2235

Қызылжар өңірінде төтенше жағдай тәртібі алынып тасталды. Сәуір айында жарияланған қауіпті науқан тура 2,5 айға созылды. Қала билігі су тасқынының беті толық қайтты деп хабарлап отыр. Биыл Солтүстік Қазақстан облысындағы 15 елді мекен табиғи апаттың зардабын тартты. Барлығы 400-ге жуық үйді су басты. Әсіресе Петропавл маңайындағы ауылдар қиындық көрді. Осы жағдайға орай 306 тұрғынға өтемақы төленген. Кейбірінде келтірілген залалдың көлемі 1 миллион теңгеге дейін жеткен болатын.

Баспаналарды жөндеуге және жаңа үйлер сатып алуға бас аяғы 300 миллион теңгедей қаражат жұмсалған. Оның 220 миллионы жергілікті бюджеттен бөлінді. Осы қаржыдан қала тұрғындарына 92 млн теңге үлестірілді. Ал қалған қаражат гуманитарлық көмек пен қайырымдылық қорларға тиесілі. Айта кету керек, тасқыннан жапа шеккендерге жергілікті тұрғындардан бөлек, Павлодар өңірі мен Ресейдің Түмен облысы қол ұшын созды.

Павел Афанасьев, Петропавл қалалық қоғамдық кеңесінің мүшесі:

Өтемақыға қатысты өтініштер әлі де қабылданып жатыр. Әрбір тұрғынға орта есеппен 300 мың теңгеден бұйырды. Кейде үйлерді бағалау барысында мемлекеттік компаниялардың шешімінде көрсетілген қаражат көлемі, жеке кәсіпорындардан қарағанда жоғары болды. Демек, әділ баға берілді. Тұрғындар алған қаражатын қанағат тұтты деп айтуға негіз бар. Сотқа ешкім арызданған жоқ.