Русский Сайттың толық нұсқасы

«Оңай» картасымен есеп айырыспағандар 1 тамыздан бастап жол ақысын екі есе қымбат төлейді

  • AstanaTV
  • 21 шілде 2017
  • 3668

Алматыда жол ақысы екі есеге көтерілді. Жолаушылар 1 тамыздан бастап 80 теңгенің орнына 150 теңге төлейді. Ал «Оңай» төлем картасымен есеп айырысатындар үшін 80 теңге күйінде қалады. Халықты бірегей төлем жүйесіне жаппай көшіру жүзеге аспаған соң, шаһар билігі осындай қадамға барды. 

Қымбат бағамен қолма-қол есеп айырысуды қаламаған тұрғындар мен қала қонақтары  жаңа жүйеге ауысады деген үміт бар. Сондай-ақ жолақыны SMS немесе банктік карточкамен төлейтіндер үшін де ақы 80 теңге. Жаңа талап бойынша жолаушылар «Оңай» картасын жүргізушіден де сатып ала алады. Құны 400 теңге. Тасымалдаушылар мен қала билігі кондукторлар мәселесін шеше алмай отыр. Автопарктер салонда жолаушылардан ақша жинайтындардың жұмысын заңдастырып, жалақы төлеуге құлық танытар емес. Ал қаражаттың басым бөлігі көлеңкелі айналымда.

Мақсұт Исахов, Алматы қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:

Қоғамдық көлікте төлемдердің 30-40 пайызы көлеңкеде жүр. Сондықтан осы реформаны жүзеге асыру арқылы, әртараптандыру жүйесімен оның жиналуына 100 пайызға жеткізуді көздеп отырмыз. Егер жолаушылар төлемақыны 100 пайыз төлеп отырса, бір жылда түсетін қаражат 21 млрд теңгеге жетеді.