Русский Сайттың толық нұсқасы

Елордада 7000-дай лифт тексеруді талап етіп отыр

  • AstanaTV
  • 21 шілде 2017
  • 2858

Астанадағы лифттердің басым көпшілігінің жағдайы сын көтермейді. Жедел сатылардың жұмысына көңілі толмайтын тұрғындардың лифт шаруашылығы өкілдеріне өкпесі қара қазандай. Әсіресе көп қабатты үйлердің ең жоғарғы қабатына тұратын адамдар үйден шығудан қалдық деп жыларман күйде. Мәселені Диана Сапарқызы зерттеп көрген еді 

Диана Сапарқызы, тілші:

Мына 25 қабатты үйдің жедел сатысының істен шықанына бір айдың жүзі болды. Ел арасында «свеча» деген атпен танымал бұл үйдің тұрғындарының 70 пайызы - зейнеткерлер. Күнделікті мініп түсудің өзі Эверестке шығып түсумен бірдей, дейді тұрғындар.

Кешеннің ең жоғарғы қабатындағылар пәтерінен әр шыққанда "барлық затты алдым ба" деп, тексеріп шығады. Себебі бірдемені ұмытып кетсе, 25 қабатқа қайта мінудің өзі жарты күн уақыт алады. Істен шыққан жедел сатының кесірінен 81 жастағы зейнеткер Қарашаш Жандыбаева сырқат үстіне сырқат қосып алған. Жедел жәрдем шақырған күнде дәрігерлер жоғарғы қабатқа жаяу шығуға қиналып, босағадан қайтады екен.

Қарашаш Жандыбаева, 10-шы қабаттың тұрғыны:

Бәрі жүреді ойбай-ойбай. Отырып жылаймыз. Қартайғанда берген Құдайдың бейнеті.

Ал 16-шы қабатта тұратын 72 жастағы Махамбек Рысқұлбековтің айтуынша, лифтіні жөндеу үшін әр пәтер 500 мың теңгеден жинауы керек екен. Немесе ай сайын 20 мыңнан төлесе, жедел саты іске қосылатын сыңайлы. Пәтер иелері кооперативі айтқан соманы тұрғындардың қалтасы көтермейді. Тіпті берген күнде лифтінің істеп кететініне тұрғындар сенбейді. 

Махамбет Рысқұлбеков, 16-шы қабаттың тұрғыны:

Бізге айтады 23 миллион мынау тұрады грузовой, оның 3 миллионы мынау тұрады дейді. Соны модернизация жасаймыз дейдіШынымен де баға сондай ма, ондай емес пе -Құдай білсін. 20 мыңнан ай төйлейсіңдер бір жылға деп отыр.

Бұл жағдайға қатысты қалалық әкімдікке сұрау салдық. Атқамінерлердің айтуынша, әр лифтіге 25 жыл кепілдік беріледі екен. Алайда, көбісі 25 жылға жетпей істен шығатын көрінеді. Бұндай жағдайда, тұрғындардың қалтасынан қаражат шығарудан өзге амалы жоқ, - деп түсіндірді олар.

Думан Жайлыбеков, Астана қаласы тұрғын үй инспекциясы басқармасының бөлім басшысы:

Бұл тұрғын үйдің жедел сатысына 18 жыл бойы ешқандай жөндеу жүргізілмеген. Қызмет көрсетуші компания өз ісіне немқұрайды қараған. Екінші жағынан тұрғындар толық жөндеуге қаржы жинаудан бас тартып отыр.

Астанадағы 30 тұрғын үйде орналасқан 169 жедел сатының жұмысын қалалық прокуратура тексерген. Құзырлы орган өкілінің айтуынша, лифтілердің қызмет көрсетуі техникалық талаптарға сай еместігі анықталған. Астанада 7000-ға тарта лифт бар. Олардың барлығына бір сәтте тексеру жүргізу оңайға түспейді. 

Бауыржан Төлегенов, Астана қаласы прокурорының аға көмекшісі:

Бір ғана лифтіні тексерудің өзі біршама уақытты алады. Ал мамандар жетіспеген жағдайда, тіпті бірнеше айға созылуы мүмкін. Әкімдік алдын ала уақытын белгілеп, қай кезде тексеру керектігін ескертіп айтады.

Диана Сапарқызы, тілші:

Прокуратура қызметкерлері биылғы жыл аралығында лифттерге қызмет көрсету ұйымдарының онын әкімшілік жауапкершілікке тартқан. Олардың әрбіріне салынған айыппұлдың көлемі 50 айлық есептік көрсеткішті құрады. Алдағы уақытта осындай 25 мекемені тексеру жоспарланып отыр.