Русский Сайттың толық нұсқасы

Капитал жинаудың тиімді тәсілін халық әлі де жете түсінбей отыр - Сарапшылар

  • AstanaTV
  • 21 шілде 2017
  • 4122

Қазақстандықтар тапқан-таянғанын сом алтынмен сақтауға асығар емес. Басым бөлігі алтын қаржы құралы ретінде тиімсіз деп есептейді. Бұл бастамаға сарапшылар да күмәнмен қарайды. Ал капитал жинаудың тиімді тәсілін ұсындық деген Ұлттық банк өкілдері бағдарлама ел арасында сұранысқа ие деп отыр. Жоба басталған бір жарым айда қазақстандықтар 265 миллион теңгеге алтын құймалар сатып алған. 

Алматылық Юлия Цой жиған-терген теңгесін депозитке салған. Қомақты салымын теңгемен сақтағанды жөн көретін ол алтын құймаларды да сатып алып, сақтауға болатынын  жуырда ғана естіпті. Құнды метал бағасы қымбаттағанда үстінен көретін табыс та көңілімнен шығады, деп отыр. Есепшотындағы ақшасын алтынға айырбастауды ойлайды.

Юлия Цой, қала тұрғыны:

Капитал жинаудың бұндай тәсілі мені қызықтырды. Мүмкіндік болса, тағы бір екінші деңгейлі банктен депозит ашып, алтын құймаларын сақтасам деген ойым бар. Менің таныстарым қазір алтын құймаларын сатып алып, өздерінің дивиденттерін күтіп отыр.

Алайда бар байлығын банкте сақтаудан сескеніп, төсегінің астына тығатындар капитал жинаудың бұндай тәсілі тиімсіз дейді. Солардың бірі Александр Шмыгалев алтын құйма сатып алғаннан ұтылатынын айтады. Оны банк жәшігінде сақтау үшін де қосымша ақша төлеу керек. Оның үстіне құнды металдың бағасы күнде құбылады дейді. 

Александр Шмыгалев, қала тұрғыны

Банктен алтын құйма сатып алдым делік. Оны қайда сақтаймын? Үйде сақтамаймын ғой. Қосымша банк жәшігін пайдалануыма тура келеді. Оны ешкім тегін бермейді. Сондықтан бұл бағдарлама қарапайым халыққа әлі түсініксіз

Бас банк өкілі жинақтарды алтын құймалармен сақтау бағдарламасы халық арасында сұранысқа ие екенін айтады. Жоба жүзеге асқан бір жарым айдың ішінде 265 миллион теңгеге 744 сом алтын сатып алынған.

Алтын құймалардың бағасы салмағына сай әртүрлі. Бүгінде 100 грамм алтынның құны  - 1 млн 294 мың теңгеге бағаланған. Ал, ең аз 10 грамм алтын құйманың бағасы - 129 мың теңге.

Тоғжан Әбішева, ҚР Ұлттық банкі қолма-қол ақшамен жұмыс жүргізу  басқармасының басшысы:

Бағдарлама іске қосылғалы екі айға жуық уақыт болды. Алтынға деген халық арасында сұраныс жоғары. Екінші деңгейлі банктерде жақсы саудаланып жатыр.

Көбіне халық салмағы аз 10-20 граммдық алтын құймаларын сатып алуда. 100 грамм салмағындағы алтынға да сұраныс бар.

Ал, экономист Меруерт Махмұтова қарапайым халық үшін алтынға инвестиция салу тиімсіз дейді. Өйткені күнде құбылатын құнды металл бағасы құнын жеп қоюы мүмкін.

Меруерт Махмұтова, экономист:

Алтынды алғанмен, оны сақтауы кейін ақша қажет болып жатқанда, бір күнде сата қоймайтындығы, алған бағамен сатпай, оны төмен бағамен сатуы да мүмкін. Сондықтан, былайша айтқанда, теңгемен сақтаған күнделікті азаматтарға шығындарын өздерінің шығыстарын қаржыландыруға теңге дұрыс болып тұр.

Айгүл Ермахан, тілші:

Бүгінде  алтынның бір граммының құны - 12 мың 943 теңге. Банк мамандарының айтуыншакапитал жинаудың жаңа бағдарламасы бойынша қандай бір жетістікке жеттік не болмаса ұтылдық деп айтуға әлі ерте. Жыл басынан бері құнды металлдың бағасы 7, 5 пайызға өскен. Дегенмен сарапшылар алтын бағасы құбылған жағдайда халық қыруар қаражатынан айырылуы мүмкін дегеннен танбай отыр.