Русский Сайттың толық нұсқасы

Оралда терроризмді насихаттаған «шейх Халилдің» соты басталды

  • AstanaTV
  • 25 шілде 2017
  • 3205

Оралда «шейх Халил» деген атпен танымал Абдухалил Абдужаббаровтың соты басталды. Оңтүстік Қазақстан облысының 42 жастағы тумасы терроризмді насихаттап, діни араздықты қоздырғаны үшін айыпталып отыр. Айыптаушы тараптың дерегінше, Абдухалил Абдужаббаров Исламабадтағы Халықаралық ислам университетінде білім алған. Атырау мен Ақтөбе және Орал мешіттерінде уағыз айтып, ваххабизм мен тәкфир идеяларын насихаттаған. Тіпті намаз оқымайтындарды "кәпір" деп, халықты жиһадқа шақырыпты.

Тергеу кезінде анықталғандай, ол өзіне жақын адамдарды тартып, жасырын пәтерде құпия кездесулер өткізген. Кейін ҰҚК оның үстінен қылмыстық іс қозғады. Ол Сауд Арабиясынан депортацияланған. 2006 жылы араб еліне барып, Қазақстан мұсылмандары мен шетелде білім алып жатқан қазақстандық студенттерді теріс жолға түсірмек болған. Тіпті оның ізінен ергендердің кейбірі елдегі террорлық актілерге қатысқан деген дерек те бар. Біразы Ауғанстан мен Сирияға соғысуға кеткен. Бірақ бүгінгі сот отырысында «шейх Халил» мемлекеттік айыптаушы таққан  кінәларды мойындамады. Келесі сот 1 тамызда өтеді. Бұл іс бойынша жүзге жуық куәгер сұралады. Бірақ куәгерлер өз өмірлерінің қауіпсіздігі үшін сұрау жабық болуын өтініпті.

Қайрат Дәукенов, Орал қалалық прокуратурасының аға прокуроры:

Басқосулардың барлығында сақтық шараларын қатаң сақтай отырып, мұндағы адамдарды ислам дінінің вахаббиттік бағытындағы тәкфірлік ұстанымының экстремистік идеологиясын ұстанатынын көрсетпей, өзін сыпайы әдепті ұстай отырып, шешендік сөйлеу қабілеттерін пайдаланып, оларды бауырмалдыққа шақырып, ата-ананы құрметтеу, намаз оқуға туралы уағыздар айтып, діндарлардың сенімдеріне кірген.