Алматыда кәріз суына арналған құбырлардың үстін дұрыс жаппай кеткен кәсіпорындардың шалағай жұмысы тұрғындардың наразылығын тудырды. Құрылысшылар «Шаңырақ-2» шағын ауданында бұрын ең үлгілі саналатын орталық көшелердің астаң-кестеңін шығарған. Жұрт енді балшық кешіп жүргендерін айтады. Ришат Асқарбаекұлы тұрғындарды ғана емес, бұл жұмыстарды қадағалауы тиіс жергілікті атақарушы билік өкілдерін де тыңдап келді.
«Шаңырақ» ықшам ауданы осыдан 7 жыл бұрын құрылған Алатау ауданының орталығы. Тамыз айынан бері мұндағы негізгі көшелердің барлығы қазылып, кәріз желісі тартылып жатыр. Елді мекендегі ең үлгілі саналатын Сабыр Рақымов атындағы көше тұрғындары да бұл жаңалықты қуана қабылдаған. Бірақ жұмысты атқарған мердігер кәсіпорынның шалағайлығынан көшемен ары-бері қатынау мүмкін болмай қалыпты.
Орал Өтегенов, «Шаңырақ» ықшам ауданының тұрғыны:
Жолдың бәрін су қазамыз деп бір жағын бір қазып кетті. Оны көмбей кетті. Екінші жағына канализация жүргіземіз деп оны да қазып, көріп тұрсыздар, ойылып кеткен. Кеше жаңбыр жауып еді, су толып, еш жер көрінбейді. Машиналар келіп түсіп кетті.
Дулат Рақымжанов,«Шаңырақ» ықшам ауданының тұрғыны:
Акиматтан адамдар келді. Олар біз жауапкершілік алмаймыз, басқа адамдар қарайды деді. Кім қарайды сонда, ешкім білмейді. Балалар күнде жүріп жатыр. Өткенде осында адам түсіп кетіп өлген жағдай да болды. Оны акиматтағылар біледі.
Мұндағы емханаға келген халық та, мектепке барған оқушылар да лай кешуге мәжбүр. Ал мына жұмысшылар төселген жаңа асфальт жолды кесіп, енді канализация тартуға қамданып жатыр. Жергілікті шенділер жұмысты дер кезінде бітірмеген кәсіпорынның біріне 40 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынғанын айтады. Енді 20 қарашаға дейін бекітілген аумақты ретке келтіруі тиіс.
Әділет Тоқтасынов, Алматы қаласы Алатау ауданы коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы:
Бұл кісілерде «Строй сервис 97» деген компания 12 шақырым жерге канализация тартып жатыр. Таспырыс беруші энергетика басқармасы. Қазір жұмыс жүріп жатыр. Жылдың аяғына дейін біткен көшелердің асфальттары салынады.
Ресми дерек бойынша Алатау ауданының инфрақұрылымына осы күнге дейін 70 млрд теңге жұмсалған. Биыл мұнда 14 елді мекенге кәріз жүйесі мен ауыз су тартылып жатыр. Жергілікті билік келесі жылға дейін ауданда 200 шақырым ауыз су құбыры мен 180 шақырым канализация желісін тартып бітуі тиіс.
Ришат
АСҚАРБЕКҰЛЫ